Димаш Құдайберген атақты әнші Селин Дионға видеоүндеу арнады

Димаш Құдайберген атақты әнші Селин Дионға видеоүндеу арнады
Фото: dimashnews.com, Thomas SAMSON / AFP via Getty Images

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлемге әйгілі канадалық әнші Селин Дионға арнайы видео арнап, оның шығармашылығы өзіне үлкен шабыт бергенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Димаш ұзақ үзілістен кейін сахнаға қайта оралған Селин Дионды Париждегі концерттен көріп, оның дауысын қайта естігеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді. Осыдан кейін өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, канадалық әншіге алғысын білдірді.

"Әдеттегідей керемет! Бұл видеоны түсіруімнің себебі – музыка әлеміне сыйлаған бар дүниесі үшін оған алғыс айтқым келді. Қымбатты Селин, Құдай сізді қолдасын. Сіздің даусыңыз бен музыкаңыз әлемдегі миллиондаған адамға, соның ішінде маған да шабыт берді. Барлығы үшін рақмет", – деді Димаш.

Қазақстандық әнші Селин Дионның даусы әлі де бұрынғыдай әсерлі естілетінін атап өтті.

"Даусыңыздың бұрынғыдай керемет естілгеніне өте қуаныштымын. Өзіңізді де сырт көзге көрінгендей жақсы сезініп жүрсіз деп шын жүректен үміттенемін. Тағы да барлығы үшін рақмет. Сіз – нағыз тірі аңызсыз. Біз сізді қатты құрметтейміз әрі жақсы көреміз. Құдай сізге ұзақ әрі бақытты ғұмыр нәсіп етсін", – деді өнер иесі.