Ресейдің сұрауымен Қазақстанда ұсталып, қамауда отырған шешен азаматы Мансур Мовлаев тергеу изоляторында өзіне қол салуға әрекет жасаған. Бұл туралы оның қорғаушысы Вадим Дроздовқа сілтеме жасаған «Новая газета Европа» басылымы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, Мовлаевқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенер алдында жазып қалдырған хатында Мовлаев әділетсіздікке төзе алмай қалғанын айтқан.
«Сот та, прокуратура да бізді тыңдамайды. Егер Ресейге тапсырылсам, Қадыровтың адамдары мені азаптап, қорлап, өлтіруі мүмкін, кейін мұны өз еркіммен жасағандай етіп көрсетеді. Мен енді мұндай азапқа қайта ұшырағым келмейді. Соңғы 16 ай бойы экстрадициядан қорқып өмір сүрсем де, үмітімді үзбеген едім. Қазір менде тек қорқыныш қана қалды», – деп жазған ол.
Сондай-ақ Мовлаев хатында Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штабында жұмыс істеген, қазір Қазақстандағы тергеу абақтысында отырған Юлия Емельянованы Ресейге экстрадициялаудан қорғауды сұраған.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беру туралы Азаттықтың сауалына жауап бермеген.