Президент Корея Республикасының премьер-министрімен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хан Сон Сукты Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, аса жауапты қызметіне табыс тіледі.
"Бүгінде қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты түрде жақсы дамып келе жатыр. Стратегиялық әріптестігіміздің аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сіздің еліңіз Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ алдымызда тұрған жауапты міндет өте көп. Сіздермен бірге жоспарларымызды ойдағыдай іске асырамыз деп ойлаймын", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда оңтайлы іскерлік және инвестициялық климат жолға қойылғанын атап өтті.
"Елімізде Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Осы бағытта қазақ-корей үкіметтері қажетті шараларды атқарып жатыр. Атап айтқанда, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Іскерлік кеңес тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар қажетті құқықтық негіз қалыптасқан", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Премьер-министр Хан Сон Сук Корея Республикасы өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
"Президент мырза, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын", – деді Корея Республикасының Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, екіжақты қарым-қатынасқа экономикалық бастамалар ғана емес, сонымен қатар, қарқын алған мәдени-гуманитарлық байланыстар және азаматтардың барыс-келісінің көбеюі де ерекше серпін беріп отыр.
Кездесу барысында көлік-логистика, аса маңызды материалдар, машина жасау, цифрландыру және жасанды интеллект пен медицинаны дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру жоспары талқыланды.