Мейірім

Dalanews 20 нау. 2023 06:23 948

Мұқашқа да, Қожанға да әкелері Алматыға жұмыс сапармен барғанында су ататын автомат әкеліп беріпті. Екеуі де әкелерінің бұл сыйлығына әбден қуанды. Қуаныштары қойнына сыймай автоматтарын мойындарына асынып алып аталарынын үйіне келді. Біріне-бірі армансыз су атысып ойнады. Немерелерін көп еркелететін ата да, әже де олардың ойынын қызықтап отыра берді. Үлкен үйге бұл үйдің жиені – Мұрат та келген еді. Ол қабағын түйіп үнсіз отыр. Бір кезде көздері уқалап  жылай бастады. Атыстарын тоқтатып, екі батыр Мұратқа қарай жақындады.

– Неге жылайсың, Мұрат? – деді Мұқаш кәдімгідей үлкен кісі құсап. Мұрат енді дауыстап жылай бастады. Мұқаш жиен бауырының көңілін дәл түсінді білем

– Мә, автомат керек болса, сен ала ғой. Басы бүтін саған бердім. Мен мектепте оқып жүрмін ғой. Маған автоматпен ойнау дұрыс емес те шығар. Сен ойнай ғой, – деді. Мұраттың жүзіне куаныш сәулелері кіре бастады. Автоматты қолына алып Қожанмен атысып кетті.

Екеуінің ойынына қызыға қарап Мұқаш тұр. Ағасының иығы түсіп кеткенін байқады білем Кожан:

– Мұқаш, мен биыл мектепке барам. Мына автоматпен сен ойна. Сен үлкенсің ғой. Сенің өзіңнің автоматын болғаны жақсы, – деп қолындағы автоматын ағасына берді.

Бұлардың ойындарын сырттай бақылап отырған әже ұлына бұрылып:

– Үшеуін сатып алсаң қайтеді мынаның. Бұдан былай есіңде болсын, бір нәрсе балаларға сатып алсаң, бәріне жететіндей қылып ал, – деді. – Әйтпесе, ешнәрсе сатып әперме балаларға. Біреуін қуантып, екіншісін мұңайтып әперген сыйлығың бар болсын! – деді.

– Айтқаныңыз болады, – деді екі баланын әкесі. Осы оқиғаны сырттай бақылап тұрған ата немерелерінің бір-біріне деген мейіріміне іштей риза бо- лып:

– Осы бәтшағарлардың бәрі де өзіме тартыпты-ау, – деп қуанды.

Қуаныш Базархан


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар