Ажырасуға арызданғандарға отбасын сақтау үшін алты айға дейін ойлануға мұрсат береді
– Отбасылық сот жобасы жайлы айта кетіңізші? Қашаннан бастап іске қосылды? Мақсаты не? Отбасылық соттар көздеген мақсатына жетіп жатыр ма?
– Отбасылық сот жобасы 2018 жылдан бастап қолға алына бастады. Уақыт өте жүйе өзінің тиімділігін дәлелдей бастаған соң, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап отбасылық даулар арнайы сот аясында қарала бастады.
Яғни, ерлі зайыптылардың арасында кәмелетке толмаған бала болса, ерлі зайыптыларға қатысты барлық даулар ювеналдық сотта қаралатын болды. Осы бағытта арнайы заң қабылданды. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап жүктемесі артуына орай ювеналдық соттағы судьялардың санын да көбейте бастадық. Оларды арнайы мамандандырып, отбасылық даулардың дұрыс, екі тарапқа да, тіпті балаларына да тиімді жолмен шешілуіне жағдай жасап бастадық.
Қазір арнайы маманданған судьялар отбасылық дауларды барынша әділ, барынша тиімді шешуге тырысып жатыр. Яғни сот жүйесі бүгінгі күні отбасылық дауларды тиімді шешуге барынша көңіл бөліп отыр деуге болады.
Алдағы уақытта ювеналдық соттар отбасылық соттар деп аталады деп күтілуде. Және осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Отбасылық соттарды құрудағы басты мақсат шаңырағы шайқалайын деп тұрған отбасыларды заң аясында сақтап қалу, олардың мәселесін мүмкіндігінше тиімді шешуге бағытталады.
Рас, соттарды отбасын сақтап қалуға ешкім міндеттемейді. Олар қолданыстағы заң аясында екі тараптың құқығын сақтай отырып, әрекеттері істі әділ шешуге бағытталған.
Негізі отбасылар Ата заңның аясында мемлекеттің қорғауында болады. Дегенмен сот үшінші билік ретінде отбасында туындайтын дауларды реттеуге, оның заңды шешілуіне, шектен шығып кетпеуіне атсалысады. Даулардың өркениетті шешілуін, егер отбасы сақталмайтын болса тараптардың арасындағы даулардың балаларға зияны тимеуін барынша әділ шешуге тырысады.
Отбасылық соттар көздеген мақсатына жетіп жатқанын оның нәтижелі болып жүйеге енгізілуінен байқауға болады. Отбасын сақтап қалу арқылы біз сол отбасында туылған балалардың күйзеліске, қылмыстық жолға түспеуіне, ата аналарының ажырасуы олардың өміріне кері әсер етпеуіне жағдай жасаймыз.
– Сотқа дейін жетіп ажырасу ойынан айнып қалатындар бола ма?
– Иә, әрине ондай жағдай болып жатады. Ажырасамын деп арыз жазып алып кейін қолданылған шаралардың арқасында өз арыздарын қайтып алып жататындар бар. Татуласып жатады.
Дау талап арыз түскеннен кейін негізгі процесс бір айдан кейін басталады. Яғни ерлі зайыптылар эмоцияға беріліп арыз берсе осы бір ай ішінде татуласып жарасып кетуіне мүмкіндік беріледі. Бұл олардың ойлануына, шешімін қайта қарауына берілген уақыт деп түсінуге болады. Түпкілікті, ойланып қабылданған шешім бе, жоқ әлде асығыс эмоциямен берілген талап па соны салмақтауына бұл уақыт жеткілікті деп ойлаймын.
Заңда отбасын сақтап қалуға берілген тағы бір мүмкіндік бар. Егер ерлі зайыптылардың біреуі ажырасқысы келмейтін ниетін байқатып, олардың татуласып кетуіне мүмкіндік бар деп санаса онда сот барысында ойлануға тағы да уақыт беріледі.
Бұл жолы заң бойынша алты айға дейін ойлануға уақыт бере алады. Сот отбасын сақтап қалуға қандай да бір кішкене болса да мүмкіндік бар деп санаса екінші тараптың ниетін байқаса, олардың арасында бала болса, отбасын бұзуға әкеліп соғып отырған мәселенің қаншалықты елеулі екендігін ескере отырып алты айға дейін мерзім беруге құқылы.
Осындай мүмкіндіктердің арқасында қазір сақталып қалып жатқан отбасылар көп. Атап өтер жайт, неке бұзылып, сот шешімі шыққан жағдайдың өзінде ерлі зайыптылар ойланып, шешімдеріне өкініш білдіріп жатқан жағдайда да неке бұзу процесін тоқтатуға мүмкіндік бар.
Өйткені сот шешімі заңды түрде бір айдан кейін күшіне енеді. Бір айдан кейін ғана ерлі зайыптылардың некесі бұзылды деп саналады. Яғни тараптардың өздерінің ажырасу туралы шешімдерін ойлануына, қайта татуласуына, қателіктерін жөндеп сот жүріп жатқан кезде қайта қосылуына, тіпті сот шешімі шығып қойған соң да некелерін қалыпқа келтіруіне мүмкіндік берілген.
Сондықтан заң осындай мүмкіндіктер қарастырады. Соттар оны барынша қолданады. Сот барысында психологтар мен медиаторлардың көмегі қажет болса ол да қарастырылған. Қазіргі таңда сотта төрт психолог штаты бар. Немесе сотқа дейін медиатор мамандар өз көмегін ұсынады.
Ата-ененің отбасы ісіне араласуы азайып келеді
– Жалпы алдарыңызға келетін ерлі зайыптылар негізінен қанша жас аралығында? Ажырасуға негізгі себеп не болып жатады?
– Негізінен ажырасуға арыз беретін қырық жасқа дейінгі ерлі зайыптылар. Олардың ажырасқысы келетін себептері сан алуан. Мінездің сәйкес келмеуінен бастап, ойынқұмарлыққа тәуелділік те қазір артып кетті. Лудоманияға беріліп отбасының қаржысын сыртқа шашатындардың әрекеті көп ажырасуға себеп болып жатыр.
Олар өздері де несие алып, жұбайын мәжбүрлеп несие алдырып, отбасын тығырыққа тіреп жатады. Бұл қазір неке бұзуға үлкен себеп болып отыр.
Жас отбасыларда қаржының жетіспеуі немесе ер адамның жұмыссыздығы да шаңырақтардың шайқалуына себеп болуда. Оны жасырудың жөні жоқ.
Қазір туған-туыстың, ата-ененің отбасының ішкі ісіне араласуы азайып келеді. Оның орнына лудомания, есірткіге әуестенушілік салдарынан ажырасқысы келетіндер көбейіп кетті.
Қазір отбасындағы әйел адамның алькоголге тәуелділігі де ер азаматтардың ажырасуға арыз беруіне себеп болып жатыр. Бұрын ер азаматтардың алькагольге тәуелділігі жиі кездессе, қазір әйел адамдардың тәуелділігі көбейіп келеді. Яғни уақыт ағымына қарай ажырасу себептері өзгеріп отырады.
– Сот процесі барысында ерекше таң қалдырған жұптардың оқиғасы болды ма?
– Татуласу жағдайында болған жайттарды айтуға болады. Яғни, елуден асқан әйел ажырасуға арыз береді. Күйеуі өзінің табысын бермей, жалақысы түсетін карточкасын да көрсетпей, бар айлығын өз басына жұмсауы әйелінің арыз беруіне алып келген. Сот процесі барысында ер адам карточкасын әйеліне беріп, олардың татуласуымен бітті. Мұны әдемі біткен оқиға деп айтуға болады.
Екінші оқиға. Діни көзқарастарының сәйкес келмеуінен ерлі-зайыптылар ажырасуға арыз түсірген. Яғни, әйел адам намаз оқымағандықтан ер адам ажырасуға арыз берген. Сот оларға имамнан кеңес алуға ұсыныс жасады. Осыдан соң ерлі зайыптылар қайтадан жарасты.
Осылайша сот діншіл азаматты райынан қайтаруға себеп болды. Ол да діни сауатын арттырып, діни тұрғыдан көп мағлұмат алғанын мойындаған. Осылайша көз алдымызда екі жанұя сақталып қалған болатын.
– Отбасы құндылығын қайтсек арттырамыз?
– Жалпы қазақ қоғамында отбасы құндылығы бар. Қазір көп балалы отбасылардың көбейіп келе жатқаны осының айғағы. Кезінде ата бабаларымыздан қалып кеткен ұлттық отбасылық құндылықтарымыз жетерлік. Тек соларды сақтап қалуымыз керек.
Мәселен бұрын қазақи түсінікте әрбір жанұя көп балалы болатын. Кейін бұл дәстүр аздап өзгеріп, көп балалылар саны айтарлықтай азайды. Яғни, қазақы жанұя отбасында баланың дүниеге келуін үлкен бақыт санайды, көп балалы болуға ұмтылады. Сол балаларын аяқтандырып, немерелі болып, әдемі ұрпақ жалғастығын құру арқылы отбасы құндылығын содан іздейді.
Балаға қатысты бесік той, сүндет той, тілашар той деп әр қуанышын қызық көруі ұрпақ жалғастығында отбасы құндылығын байланыстыруынан деп білемін. Қазір қайтадан сол ұстанымға қайта айналып келе жатырмыз.
Өйткені көп балалы жанұялар тағы көбейіп келеді. Бұрынғының озығын алып, тозығын тастауымыз керек деп қарастыратын болсақ, соның ішінде осы отбасылық құндылықтарға қатысты ұстаным біздің ұстап қалатын нәрсеміз болуы керек. Өйткені ол талай жылдан бері ұлттың бойына сіңірген артықшылығы, соның арқасында біз ұлт болып қалыптастық деуге болады.
Отбасылық құндылықтарға қатысты озық үлгілерді ұмытпай, керсінше дәріптеп ұстап қалуымыз керек артықшылық болуы керек.
Рас, жаһандану процесі қазір қатты жүріп жатыр. Бұл біздің күнделікті өмірімізге бәрібір өз әсерін тигізеді. Ажырасу процесін қанша азайтуға, тоқтатуға тырысқанымызбен ол бұрында да болған, алдығы уақытта да бола береді. Түрлі түрлі дәлелді себептермен отбасылардың ажырасуы бола бермек. Оның жалғасуы заңдылық. Дегенмен біздің мақсатымыз неке бұзылғаннан кейін тараптардың арасындағы қатынастардың дұрыс болуын, мейлінше балаға зияны аз тиюін, бәрінің заңды болуын қамтамасыз ету.
Барынша отбасылық құндылықтарды дәріптеп отбасылардың ажырасуының алдын алуға тырыса беруіміз керек. Сотта қаралған істерге қарасақ, көптеген азаматтарымыз отбасын құруға психологиялық және әлеуметтік даму тұрғысынан дайын емес болып келеді.
Азаматтар өздерінің жұбайлық міндеттерін дұрыс түсінбейді, жауапкершілікті жете сезінбейді. Бала болған кезде ата аналық міндеттеріне жеңіл қарайды. Бұл жағдайлар біздің қоғамда отбасылық құндылықтардың жеткілікті насихатталмайтынын көрсетеді. Қазіргі мектептерде отбасылық құндылықтарымызды балалардың бойына сіңіру дұрыс жолға қойылмаған. Дегенмен соңғы жылдары “Үлгілі отбасы”, “Мерейлі отбасы” секілді отбасылық байқаулар қолға алына бастады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба берсе екен деймін. Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды арттыру арқылы талай жанұяны ажырасудан сақтап қалуға болады.
Неке шарты дау-дамайдың алдын алады
– Сіздің ойыңызша ажырасудың көбеюіне не себеп?
– Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық зомбылық та қазір көбейіп кетті. Тұрмыстық зорлық зомбылыққа мүлдем шыдамаушылық принцптері бар. Шетелде мұндай жағдайда астарына үңілместен бірден ажырастырып жатады. Ал бізде заңмен бекітілген уақыт ішінде қараймыз, бірақ тұрмыстық тиранның әрекеті соттың басты назарында болады.
Қазір дағдарыс орталықтарын көбейтіп, барынша ана мен баланың қорғансыз қалмауына мүмкіндік жасалуда. Бұл да болса ана мен баланың мемлекеттің басты қорғауында екенінің айғағы. Басқа уақытта соттар уақыт созып оларды тезірек ажырастыруға тырысқанмен, тұрмыстық зорлық зомбылық бар кезде мүмкіндігінше процесті тездетіп, жәбірленушіні тұрмыстық тираннан ажыратып алуға тырысады.
– Ажырасу кезіндегі мүлік бөлісу, балаларының болуы, алимент өндіру секілді туындайтын мәселелер көп. Ажырасудың алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Ерлі зайыптылар ажырасқаннан кейін туындайтын мәселелер өте көп. Ажырасудың үлкен мәселе екенін содан ақ түсінсек болады. Егер ерлі зайыптылар бірге тұрған кезде үй алып үлгерсе мүлік бөлісу, балалары болса оған алимент бөлу, баланың тұрғылықты жерін белгілеу, бөлек тұратын әкесінің немесе анасының араласу тәртібі, отбасылық даудан туындайтын мәселелерге кіреді.
Бір отбасылық даудың артында осындай қаншама даулар туындайды. Мұның соңы қоғамымызда даукестіктің көбейіп, сот жүктемесінің артуына алып келеді.
Айтатын кеңесіміз барынша даудың алдын алу. Өйткені мұның соңы психологиялық, материалдық, моральдық үлкен шығынға алып келеді. Ажырасу кезінде мемлекеттік БАЖ салығы бар, адвокаттардың ақысы бар бәрі үлкен шығын.
Соттың табалдырығын тоздырмай, қалтаға салмақ салмай дауды барынша бейбіт жолмен шешуге тырысу керек. Қазір осы орайда неке шарты кең тарап келеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Қазір неке шартын құқықтық сауаты артып ерлі зайыптылар барынша бейбіт жолмен шешуге дағдыланып келеді. Онда балалардың кіммен қалатыны, қай мүліктің кімнің иелігіне берілетіні, балаларға берілетін алимент көлемі, бәрі заңдық жолмен алдын ала реттеліп отыратын болған.
Дауды өркениетті жолмен шешетін болсақ саусағына сақина таға отырып, “сау басына сақина” тілеп алмаудың осындай ұтымды жолы бар. Отбасылық даулар екі тарап үшін де эмоциональды, үлкен мәселе болуы мүмкін. Алайда күйзеліс жағдайда балалардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайына баса мән берілуі керек.
– Салыстырмалы түрде ажырасуға қатысты істер көбейіп келе ме, жоқ азайып па?
– Иә, рас қазір ажырасуға қатысты істер көбейіп келеді. Соңғы мәліметтерге сенсек, ажырасу бойынша Қазақстан неке бұзу бойынша ТОП 20 елдің қатарына еніп отыр.
2023 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша ажырасуға қатысты істер бойынша 16 орында екенбіз. Алматы қаласында 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында 1100 отбасы ажырасыпты. Осынша отбасының ажырасуын рәсімдеппіз. Қазақстанда қазір әрбір үшінші шаңырақ ажырасып жатыр. Еліміз сондай-ақ ажырасу сот процесі тез жүзеге асатын елдердің бірі. Бұл жағынан тіпті алдыңғы орында келеміз.
Яғни, салыстырмалы түрде мәселен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған жан болса, оны тез арада құтқарып қалу жағынан барлық процестер жүзеге асады. Бұл жағынан оңайлатылған тәртіптер қалыптасқан. Мемлекеттік баж салығы ретінде небәрі 1035 теңге төлейді ажырасу үшін. Бұл басқа мемлекеттерде кездесе бермейтін жағдай. Егер отбасында бір адам жәбір көретін болса оның тезірек бостандығы қамтамасыз етілуі үшін барлық әрекеттер жүзеге асады.
Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА