Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Будапештке жоспарланған кездесуі қиындай түсті. Бұған Еуропа елдерінің бірінен соң бірі Путиннің келуіне қарсы шығуы себеп болып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында бұл кездесуге қатысты түпкілікті шешімнің әлі қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, нақты шешім алдағы күндері жарияланады.
Путин мен Трамптың Венгрия астанасында жүздесетіні жөнінде алғашқы ақпарат 16 қазанда олардың телефон арқылы сөйлескенінен кейін белгілі болған еді. Сол кезде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесудің жақын арада өтетініне үміт артқан еді. Дайындық аясында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жеке кездесуі жоспарланған.
Алайда 20 қазанда олар телефон арқылы сөйлескеннен кейін батыстық ақпарат агенттіктері Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасап, саммитке дайындықтың уақытша тоқтағанын хабарлады. Ақпарат көздерінің айтуынша,Трамп әкімшілігі тараптардың келіссөз өткізуге әлі дайын емес екенін алға тартқан. Осыған байланысты Лавров пен Рубионың кездесуі де кейінге қалдырылған.
Қазір жағдай күрделене түсті: бір жағынан Еуропа елдері Путиннің сапарына ашық қарсылық танытса, екінші жағынан АҚШ тарапы кездесуге аса сақтықпен қарауда.