Астанада әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) төрағасы Жандос Дүйсембиевке қатысты істі қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс министрдің тіркелмеген бұйрығына байланысты қозғалған. Аталған құжатқа сүйеніп, салық органдары кәсіпкерлерге тексеріс жүргізіп келген.
Kozachkov offside telegram-арнасының дерегінше, бұл бұйрық "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгіні иеленіп, құпия ақпараттар қамтылғанымен, Әділет министрлігінде тіркелмеген. Осы себепті ол заңдық күшке ие болмаған. Соған қарамастан, Мемлекеттік кірістер комитеті оны жұмыс барысында қолдануды жалғастырған.
Бұзушылық биылғы жылдың алғашқы жартысында белгілі болған. Бірқатар компания тексерістердің заңдылығына шағымданғаннан кейін, сот құжаттың күшін жойды. Кейін Астананың мамандандырылған әкімшілік соты Үкімет атына заң бұзушылықтарды жою туралы екі жеке ұйғарым жолдады.
Осыдан соң Әділет министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 457-бабы («Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу туралы заңнаманы бұзу») бойынша Жандос Дүйсембиевке қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Алайда ол хаттамаға қол қоюдан бас тартып, істің сотта қаралуын сұраған.
Сот Дүйсембиевтің шынында да тіркелмеген бұйрықты қолданғанын анықтап, оны әкімшілік құқық бұзушылық жасаған деп таныды. Шенеунікке 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
