Алматыдағы “Премьера” тұрғын үй кешенінің тұрғындары Төле би көшесінде жүргізіліп жатқан жол жұмыстарына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, құрылыс аясында негізгі көшеден кешен ауласына көлік өтетін жаңа жол салынып жатыр. Тұрғындар жол ашылған соң кептелістен қашқан жүргізушілер ауланы айналма бағыт ретінде пайдалануы мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан тұрғын үй маңында арнайы техникамен жол жиегі қазылып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын көруге болады.
Тұрғындардың сөзінше, негізгі көшеден аулаға көлік өтетін жаңа жол №2 үйдің дәл алдына салынып жатыр. Олар бұл жол ашылса, көлік қозғалысы көбейіп, аула тұрғындарына қолайсыздық тудыратынын жеткізді.
"Тұрғын үй кешенінің ішкі жолдары онсыз да тар, ал аулада күн сайын балалар, егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындар жүреді", - дейді видео авторы.
Олар төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігі және басқа да арнайы техниканың аулаға кедергісіз кіріп-шығуы қиындауы мүмкін екенін де алға тартты.
"Қазірдің өзінде мұндағы жол тар. Ал енді тұрғын үй кешені арқылы іс жүзінде транзиттік жол жасауды жоспарлап отырғандай. Мұндай жағдайда өрт сөндіру көлігі немесе жедел жәрдем қалай өтеді?", – дейді тұрғындардың бірі.
Жергілікті жұрт әкімдікке бірнеше рет жүгінген
Әлеуметтік желідегі пікірлерде тұрғындар мәселе бойынша бұған дейін мемлекеттік органдарға ресми өтініштер жолдағанын, алайда жағдай шешілмегенін жазған.
"Барлық мемлекеттік органға бірнеше мәрте ресми хат жіберілді. Әзірге реакция жоқ. Бұл, ең алдымен, балалар үшін қауіпті. Кіреберістен шыққан балалар жан-жағына қарамай жүгіріп шығуы мүмкін. Енді көліктер кептелісті біздің аула арқылы айналып өтетін болса, қауіп арта түседі", – дейді олар.
Тағы бір тұрғын құрылыс жұмыстары кезінде шаң мен шу көбейгенін, көлік қозғалысы қиындағанын айтып, аудан әкімдігін жағдайға назар аударуға шақырған.
Тұрғындардың сөзінше, "Премьера" – Наурызбай ауданындағы ірі тұрғын үй кешендерінің бірі. Олар жол инфрақұрылымын дамытуға қарсы емес екенін, алайда жаңа шешімдер осы аумақта тұратын адамдардың қауіпсіздігі ескеріле отырып қабылдануы қажет екенін атап өтті.
"Біз қаланың дамуына немесе жол құрылысына қарсы емеспіз. Алайда жаңа инфрақұрылым тұрғындардың қауіпсіздігіне және күнделікті өміріне қолайсыздық туғызбауы керек. Сондықтан қандай да бір шешім қабылдамас бұрын жағдайды жергілікті жерде бағалап, тұрғындардың пікірін ескеруді сұраймыз", – делінген үндеуде.
Тұрғындар Алматы әкімдігі мен Наурызбай ауданының әкімдігінен құрылыс алаңына барып, жобаның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруді және жаңа кіреберістің тұрғын үй кешеніндегі көлік қозғалысына қалай әсер ететінін түсіндіруін талап етті.