Заңсыз түнгі жарыстар: депутат көліктерді арнайы тұраққа қоюды ұсынды

Заңсыз түнгі жарыстар: депутат көліктерді арнайы тұраққа қоюды ұсынды
pixabay.com

Қазақстанда түнде қала көшелерінде заңсыз жарыс ұйымдастыратын көлік жүргізушілері көп жағдайда жауапкершіліктен құтылып кетеді. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Адамбек Кендебай көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде мотоцикл мен тюнинг жасалған көлік жүргізушілері рұқсатсыз жарыс ұйымдастырып, жылдамдықты арттырады. Кейбірі пиротехниканы қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аудандарда әдейі қатты шу шығарады.

«Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзудан әлдеқашан асып, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына кері әсер етіп, түнгі тыныштықты бұзады. Алайда көптеген жағдайда құқық бұзушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді», – деді Адамбек Кендебай Құрылтай отырысында.

Депутат мұның бірнеше себебі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар сирек тіркеледі және көп жағдайда шара азаматтардың шағымынан кейін ғана қабылданады.

Осыған байланысты Кендебай Ішкі істер министрлігіне көлік қозғалысын бақылау жүйелеріне арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді біріктіріп, рұқсат етілген деңгейден асатын шуды автоматты түрде анықтайтын пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

Депутат мұндай жүйелердің шетелде қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кейбір жағдайларда құқық бұзған көлікті тәркілеу шарасы да қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы мобильді зертханалар қолданылады.

Кендебай қолданыстағы жаза шараларының тиімділігіне де назар аударды. Қазір түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 625 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Депутат бұл жазаның құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жеткілікті тиімді болмауы мүмкін екенін айтты.

Ол Ішкі істер министрлігіне патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардан түнгі уақытта заңсыз жарыстарды жедел тоқтататын тұрақты бірлескен экипаждар құруды ұсынды.

Сондай-ақ құқық бұзған көліктерді заңсыз техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін арнайы тұраққа қою ұсынылды. Бұл ретте көліктің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру көзделеді.

Бұдан бөлек, депутат түнгі тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның азаматтардың қалыпты өміріне тигізетін әсеріне сәйкестігін қайта қарауды және жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеуді ұсынды.

Кендебай мұндай жағдайда қоғамға құрметсіздіктің қасақана және ашық көріністерінің нақты белгілерін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін айқындау қажет екенін айтты.