Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Каттақорған аудандық қылмыстық істер соты 27 жастағы жергілікті тұрғын А.Х.-ты «жалдамалылық» және «шет мемлекеттің қарулы қақтығысына қатысу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 1 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ол Ресейде әскер қатарына тартылып, Украинадағы соғысқа қатысқан. Kun.uz басылымының сот құжаттарына сілтеме жасап жазуынша, өзбекстандық азамат 2023 жылы Ресейге жұмыс іздеп барған. Кейін ол есірткі саудасына қатысты айыппен ұсталып, 12 жылға сотталған.
Сотта берген жауабында ер адам өзіне тағылған айыптың негізсіз екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, екі ай бойы қысым мен азаптауға ұшырағаннан кейін ғана кінәсін мойындауға мәжбүр болған. Сондай-ақ ол Ресей түрмесінде отырған кезде әскери қызметке тартылып, кейін Украинадағы соғысқа жіберілгенін айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, Өзбекстан заңнамасы өз азаматтарының шетел мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына қатысуына тыйым салады. Осыған байланысты сот оны жалдамалылық және шетелдік қарулы құрылымдардың құрамында соғыс қимылдарына қатысу баптары бойынша кінәлі деп таныған.