Луврдан ұрланған заттардың тізімі мен құны белгілі болды

Көркем Алдабергенова 22 қаз. 2025 09:32

Париждегі Лувр мұражайындағы тонаудың залалы 88 миллион еуроға бағаланды. Бұл туралы қала прокуроры Лор Бекко RTL радиосының эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Лувр директоры залалды 88 миллион еуро деп бағалады", - деді ол.

РИА Новости мәліметінше, Бекконың айтуынша, бұл сома мұражайға келтірілген тарихи шығынмен салыстыруға келмейді. Прокурор қылмыскерлер әшекейлерді балқытуға немесе бөлшектеп сатуға тырысса да, оларды ақшаға айналдыра алмайтынын атап өтті. Сондықтан ол қылмыскерлердің ойланатынына және құнды бұйымдарды бүлдірмейтініне үміт білдірді.

Оқиға өткен жексенбіде болды. Прокуратура мәліметінше, тонау небәрі бірнеше минут ішінде жүзеге асқан. Қылмысты төрт адам жасаған, олардың екеуі тікелей мұражайға кірген.

Барлығы француз патшайымдары мен императрицаларына тиесілі тоғыз зергерлік бұйым ұрланған. Олардың біреуі табылып, мұражайға қайтарылды. БАҚ дерегінше, коллекциядағы ең ірі асыл тас 140 караттан асатын «Регент» бриллианты орнында қалған.

Ішкі істер министрі Лоран Нуньес қылмыскерлердің мұражайға терезе арқылы кіргенін айтты. Олар автомұнараға қойылған баспалдақтың көмегімен терезенің әйнегін «болгаркамен» кесіп түскен. Министрдің айтуынша, қылмыскерлер шетел азаматтары болуы мүмкін.

Олар оқиға орнынан скутермен қашып кеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Париждің бұрынғы полиция префектісінің пікірінше, ұрылар қылмыс орнын алдын ала мұқият зерттеген. Қазір прокуратура тергеу жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар