Әлеуметтік желіде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір топ бүлдіршінмен түскен суреті және видеосы тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кадрларда ол балалармен бірге Елбасы музейін аралап жүргені байқалады. Назарбаев олармен жылы жүздесіп, естелік суретке түскен.
Айта кетейік, Елбасы музейі Астанадағы бұрынғы резиденция ғимаратында орналасқан. Онда мемлекет құру кезеңіне қатысты тарихи деректер, жеке заттар мен сыйлықтар қойылған.
Еске салайық, жақында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Орталық мешітте көзге түскен еді.
Видеоны мешіт азаншысы Қуаныш Сейітханов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Кадрларда Нұрсұлтан Назарбаев күзет қызметкерлерімен бірге мешіт ішін аралап жүргені көрінеді.
"21 маусымда ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бас мешітке келді", - деп жазған ол.
Сондай-ақ кадрлардан Назарбаевтың мешіттегі халықпен тілдескені де көрінеді.
"Аман болыңыз, деніңіз сау болсын! Жүз жасаңыз!" - деп тілеген халық видеода.
Сонымен қатар бұған дейін Назарбаев Мәскеуге де жеке шақыру бойынша барып, Ресей президенті Владимир Путинмен жүздескен еді. Оның бұл сапары қоғамда түрлі алып-қашпа әңгіме, күмән-күдік тууына себеп болды.
Ал экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, тұңғыш президент әлемнің бірқатар елінің көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасып, кейде жеке кездесіп тұрады.