25 қазан – Республика күні. Бұл мереке алғаш рет 1992 жылы бекітіліп, 17 жыл бойы атап өтілді. 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталғанымен, халық оны ұмытқан жоқ. Араға 13 жыл салып, Республика күні қайта жаңғырды.
Мерекенің қайта оралуы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайта атап өтуді және оған ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды.
Осы бастамадан кейін, қыркүйек айында Қазақстан парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, 25 қазанды – ұлттық мереке, ал 16 желтоқсанды – мемлекеттік мереке ретінде бекітті.
Тарихы мен маңызы
Республика күні – Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданған күнмен тығыз байланысты. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы алғаш рет өз егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет болуға бағыт алды.
Бұл құжат қазақ халқының болашақ тәуелсіздікке ұмтылысын айқындап, ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастамасы болды.
Халық жадындағы мереке
2009 жылдан кейін ресми деңгейде тойланбаса да, халық бұл күнді бейресми түрде атап өтуді жалғастырды. Қоғамда «Республика күнін қайтару керек» деген пікір жиі айтылып, ақыры елдің талабы орындалды.
Бүгінде Республика күні – мемлекетіміздің қалыптасуы мен егемендік жолындағы алғашқы тарихи қадамның символы болып қайта оралды.