Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Қүзембаеваның мәліметінше, өңірде 9 753 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың білім алуын қолдау мақсатында 31 арнайы ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 15 түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп және аутизмі бар балаларға арналған орталық қызмет көрсетеді.
Қазіргі уақытта облыстағы 92 балабақшада 547 инклюзивті топ, ал 347 мектепте 1 070 инклюзивті сынып бар. Онда 3 811 бала білім алуда. Сонымен қатар, 189 арнайы педагог пен 450-ден астам көмекші маман еңбек етіп жатыр.
Соңғы жылдары бірнеше ірі жоба жүзеге асқан. «Ақбота» және облыстық арнайы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілген, 136 орындық «Жұлдыз» жаңа балабақшасы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта тағы екі нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Басқарма басшысы бірқатар өзекті мәселегеде тоқталды. Атап айтқанда, дефектологтармен логопедтердің жетіспеушілігі, ПМПК жұмысының шамадан тыс жүктелуі және арнайы балабақшаларға кезекте тұрған 501 баланың бары – шешімін қажет ететін мәселелер қатарында.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Ембі қаласында жаңа ПМПК ашу жұмыстарын жеделдетуді, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінде арнайы мамандар даярлау бағдарламаларын қайта қарауды және педагогтерді ынталандыру шараларын күшейтуді тапсырды.
«Әрбір баланың сапалы білім алуға мен дамуға құқығы бар. Бұл – қоғамның кемелдігін көрсететін маңызды көрсеткіш», – деді өңір басшысы.