Үш жылға арналған республикалық бюджет: Бектенов бір топ министрмен депутаттар алдына келді

Сағыныш Сардарова 22 қаз. 2025 11:50

Үкімет 2026 жылғы бюджеттің негізгі параметрлерін ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында "2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қарау барысында қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады.

"2026 жылға түсім 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның ішінде (трансферттерді есептемегенде) кіріс - 19,2 трлн теңге. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексі қабылдауына байланысты биылмен салыстырғанда кіріс 3,6 трлн теңгеге артып отыр", - деді министр.
Бұл ретте бюджет шығыны - 27,8 трлн теңге, яғни биылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық. Мәди Такиев 2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендеуі болжанып отырғанын атап өтті. 
 
Сонымен қатар, Үкімет 2026 жылғы бюджеттің негізгі бағыттарына қанша қаражат бөлінетінін анықтаған:
  • Қаржы министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге қарастырылған. Биылмен салыстырғанда бұл қаражат 107 млрд теңгеге артық.
  • Білім және ғылым саласына 901,7 млрд теңге жоспарланып отыр.
  • 2026 жылы мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 млрд теңге қарастырылған.
  • 2026 жылы экономиканы ынталандыруға шамамен 1,2 трлн теңге жоспарланып отыр, ал нақты секторды дамытуға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 540 млрд теңгеге артып, 3,7 трлн теңге болады.
  • Өңірлерді дамытуға 2026-2028 жылдарға 581 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылы – 300 млрд теңге.
  • Күштік құрылым блогына 2026 жылы 3 трлн теңге бөлінеді, бұл биылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге артық. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар