Келер жылғы бюджеттен "Жайдарманды" қолдауға да қаржы бөлінбек

Сағыныш Сардарова 22 қаз. 2025 12:18

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2026 жылғы бюджетте не өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, біраз мәселені шешуге қосымша қаражат бөлінген. Соның ішінде мәдениет, тәрбие және қазақша контент бағыты бар.

"Қаржы министрлігі біздің 2025 жылы берген түзетулерімізді ескеріп, 2026 жылға мынадай жобаларға қаржы қарастырды: 300 млн теңге қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер жасауға және оларды интернет пен YouTube-та таратуға; айтыс, жыр айту сияқты шығармашылық байқаулар өткізуге; "XXI ғасыр көшбасшысы" және "Азамат" сияқты интеллектуалды телебағдарламалар мен "Жайдарман" жобасын қолдауға (бөлінеді - еск.). Сондай-ақ, халықаралық пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құраманың жүйелі дайындалуына жағдай жасау мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арнайы қаржы қарастырдық. Дебат пен өзін-өзі басқару қозғалысын мектептерде дамытуға да қаржы бөлінді", - деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2026 жылғы бюджет жобасын талқылау барысында шешілген бұл бастамалардың барлығының түпкі мақсаты – адамдардың өмір сапасын арттыру және білім, ғылым, мәдениет, тіл мен денсаулық саласында нақты өзгеріс жасау.

Ал бұл мәселеге қатысты желі қолданушыларының пікір қақ жарылған:

"Мынау ұят нәрсе ғой", "Баяғы патшалар секілді, қазіргі билікке де әзілкештер керек", "Жайдарман жақсы ғой. Қанша жасты тәрбиелеп отыр".


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар