Қоғамның ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген көзқарасын қалай өзгертуге болады? Сарапшы пікірі

Ақтоты Жапатова 22 қаз. 2025 11:14

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоғам өміріне толыққанды араластыру, олардың білім алу, еңбек ету және өзін-өзі дамыту мүмкіндігін кеңейту – қазіргі Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бағытының бірі. Алайда инклюзия ұғымы тек білім беру саласымен шектелмейді, ол қоғамның әр саласында – жұмыс орнында, қоғамдық кеңістікте, мәдениет пен спортта көрініс табуы тиіс.

Осы тақырып аясында Dalanews.kz тілшісі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Лаура Асқарқызы Бұтабаевамен әңгімелесті. Сарапшы инклюзивті қоғам құрудың басты шарттары, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қоғам мен бизнестің көзқарасы және инклюзия мәдениетін қалыптастыру жолдары туралы ой бөлісті.

- Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоғамға толыққанды енгізу үшін ең басты не істеу керек деп ойлайсыз?

- Ең алдымен, қоғамның көзқарасын өзгерту қажет. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың да осы қоғамның толыққанды мүшелері екенін терең түсіну маңызды. Инклюзия — тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл бағытта білім беруде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, еңбек нарығында қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ физикалық және цифрлық инфрақұрылымды баршаға қолжетімді ету — негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс.

Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл тек статистикалық дерек емес, мемлекет пен қоғамға үлкен жауапкершілік жүктейтін фактор. Осы орайда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жүйелі әрі нақты мемлекеттік шаралар жүзеге асырылуда.

Мысалы, 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистент және арнайы педагог лауазымдары енгізілді. Бұл мамандар ерекше балалардың жеке білім алу жолын сүйемелдеп, олардың оқу процесіне белсенді қатысуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектеседі.

Инфрақұрылымдық жағынан да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда елімізде 509 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді: 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 230 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), 11 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Сондай-ақ, инклюзивті қолдау кабинеттерінің саны соңғы жылдары 1000-нан асты, бұл қоғамда инклюзивті білім беруге деген сенімді күшейтті. Еліміздегі мектептердің 91 пайызы ерекше балалар үшін қолайлы жағдай жасаған.

Инклюзивті білім беру сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі мен жаңа технологияларды меңгеру деңгейі. Осы тұрғыда Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтерге әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Соңғы екі жылда орталық ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес 97 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен, 16 әдістемелік ұсыным және 88 типтік оқу бағдарламасын әзірлеп, мектеп тәжірибесіне енгізді. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру саласында біліктілігін арттыруға ниетті педагогтердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл – кадрлық әлеуеттің тұрақты түрде нығайып келе жатқанын көрсетеді.

- Инклюзивті қоғам құрудың басты шарты не?

Инклюзивті қоғам құрудың басты шарты – білім беру жүйесіндегі теңдікті қамтамасыз ету. Әр бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар да, сапалы және қолжетімді білім алуға толық құқылы. Қауіпсіз, ыңғайлы және қолжетімді орта балалардың әлеуетін толық ашуға, қоғамда өзін сенімді әрі еркін сезінуге мүмкіндік береді.

Бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты және жүйелі қадамдар жасалуда. Заңнамалық база жетілдіріліп, инклюзивті кабинеттер мен ресурстық орталықтар құрылды. «Білім туралы» Заң әр баланың сапалы білім алу құқығын заңмен кепілдендірсе, жақында «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл құжат туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңде балаларды жан-жақты қолдауды көздейді.

Дегенмен, инклюзивті қоғам тек құқықтық немесе инфрақұрылымдық мәселе ғана емес, ең алдымен қоғамдық сананың, құндылықтар мен мәдениеттің өзгеруінен басталатын әлеуметтік процесс. Сондықтан инклюзивті тәрбие отбасынан басталып, балабақша, мектеп пен жоғары оқу орындарында жалғасуы керек. Сонда ғана қоғамның әрбір мүшесі өзгелердің ерекшелігін қабылдап, тең құқылы өмір сүру мәдениеті қалыптасады.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда инклюзия деңгейі қандай?

- Қазақстанда инклюзия деңгейі кезең-кезеңімен дамып келеді. Заңнамалық база нығайып, білім беру ұйымдарында ресурстық орталықтар мен инклюзивті кабинеттер ашылып, саладағы арнайы мамандардың рөлі артуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және ғылыми зерттеулерге негізделген оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бағытында нақты іс-шаралар қолға алынған.

Жақында Алматыда өткен WIC 2025 – Дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі еліміз үшін тарихи оқиға болды. Оның нәтижесінде Алматы қаласы инклюзивті білім берудің жаһандық хабы ретінде танылды. Бұл Қазақстанның білім беру саласындағы реформалары мен инклюзивтік саясаттың халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.

Конгресс аясында әлемдік сарапшылардың қатысуымен талқыланған Алматы декларациясы халықаралық деңгейдегі маңызды құжатқа айналды. Ол әр баланың әлеуетін ашуға, адами капиталды дамытуға, әлеуметтік бірлікті нығайтуға және заманауи технологиялар арқылы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бастама Қазақстанның инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосқан үлесі болып табылады.

Бұл еліміздің білім беру жүйесінде теңдік пен қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Алайда толыққанды инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін бұл жеткіліксіз. Бұл салаға қоғамның көзқарасы, педагогтердің кәсіби құзыреттілігі, ата-аналар мен арнайы мамандардың өзара ынтымақтастығы тікелей әсер етеді. Инклюзия — тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ол білім беру, әлеуметтік қолдау, қоғамдық сана мен мәдениет сияқты барлық бағыттарда жүйелі әрекет пен тұрақты ынтымақтастықты талап ететін көпқырлы, үздіксіз үдеріс.

- Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа қабылдауға қоғам мен бизнес қалай қарайды?

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды жұмыспен қамтып отырған компаниялар мен әлеуметтік бастамалар бар. Мұндай ұйымдар инклюзивті қоғам құруға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмірге белсенді араласуына және өзін-өзі жүзеге асыруына елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды кеңейту және дамыту аса маңызды.

Мен өзім куә болған жақсы бастамамен бөліскім келеді. Жақында елімізде ерекше жандарды жұмыспен қамту ісіне үлес қосып жүрген «Күнде» инклюзивті кафесінің қызметін көріп, ерекше әсер алдым. Бұл кофейня Даун синдромы, аутизм спектріндегі бұзылыстар және басқа да даму ерекшеліктері бар азаматтарды еңбекке тартуға бағытталған жарқын әлеуметтік жоба. Мұндай бастамалар тек жұмыспен қамтуды ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.

Өйткені мүгедектік санаты берілген жасөспірімдер мен жастардың арасында еңбекке қабілетті, талантты әрі ынталы тұлғалар аз емес. Ең бастысы — оларға сенім артып, мүмкіндік беру.

- Қоғамның мұндай адамдарға деген көзқарасын қалай өзгертуге болады?

Әрине, қоғамдағы өзгеріс бір күнде болмайды. Дегенмен, жүйелі жұмыс, оң тәжірибелер мен ашық диалог арқылы ғана инклюзивті ортаны қалыптастыруға болады. Әр адам өмір жолында жетістікке жақындарының қолдауымен, білімге және еңбекке деген талпынысымен жетеді. Сондықтан инклюзия тек ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты мәселе емес, жалпы жеке тұлғаға деген қоғамның қарым-қатынасы мен түсінігінің көрсеткіші болып табылады.

Қоғамның ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген көзқарасын өзгерту үшін ең алдымен стереотиптер мен стигмалардан арылу қажет. Бұл ұзақ мерзімді процесс болса да, әлеуметтік маңызды қадам болып табылады. Көзқарасты өзгертудің басты жолы – инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және әртүрлілікті құндылық ретінде қабылдауға тәрбиелеу.

Бұл өзгеріс ең алдымен отбасы мен білім саласындағы мамандардың бірлескен қолдауынан басталуы тиіс. Отбасының психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болуы, яғни баланың қабілетін ерте жастан анықтап, ерекшелігіне қарай дамыту, баланың әлеуметтену жолындағы маңызды кезең болып табылады. Сонымен қатар, педагогтер мен арнайы мамандар баланың даму ерекшеліктерін түсініп, оған қолдау көрсетуге дайын болуы қажет. Ата-аналар мен мамандар бірлесе жұмыс істегенде, ерекше қажеттіліктері бар адам қоғамнан оқшауланбай, белсенді өмірге қосылып, өзін толыққанды тұлға ретінде сезінеді. Сол кезде ғана шынайы инклюзивті қоғам қалыптасады.

- Пайдалы ойларыңыз бен шынайы көзқарасыңыз үшін алғыс айтамыз, Лаура Асқарқызы. Ерекше жандарға тең мүмкіндік беретін қоғам құру жолында еңбегіңіз табысты болсын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар