Алматы қаласында полиция қызметкерлері мен кикшеринг компаниялары электросамокат қолданушылардың тәртібін күшейту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу барысында қалада жиі кездесетін негізгі заңбұзушылықтар аталды. Атап айтқанда, самокатпен тротуармен жүру, белгіленген жылдамдықты асыру және көліктерді ретсіз жерге қалдыру мәселесі өзекті болып отыр.
Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов бақылауды күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін заманауи технологияларды енгізу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, осы бағытта нақты шешімдер қабылданған.
Енді қалада самокаттарға арналған арнайы тұрақ аймақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, олардың техникалық жағдайы тұрақты түрде тексеріліп отырады. Өрескел заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, самокаттар айыппұл тұрағына жіберіледі, ал пайдаланушылар жауапкершілікке тартылады.
Бұдан бөлек, Алматыда жалға берілетін самокаттарды пайдаланатын кәмелетке толмағандардың аккаунттарын бұғаттау тәжірибесі енгізіле бастады.
