Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, несиесі 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген азаматтар саны 1,6 миллионнан асып кеткен. Бұл - мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Әсіресе табысынан айырылғанда, денсаулығы сыр бергенде немесе тұрақты жұмысы болмаған кезде көптеген адам несиесін төлеуге қиналып жатады.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Қарыз жүктемесін қалай жеңілдетуге болады? Осы сұрақтарға Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Айгерім Ілиясова жауап берді.
"Ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, несиені қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш беру қажет. Бұл – қолданыстағы несиенің шарттарын өзгерту рәсімі.
Өтініште қандай жеңілдік сұрап отырғаныңызды нақты көрсету маңызды. Бұл бірнеше айға төлемді шегеру, ай сайынғы төлемді азайту немесе пайыздық мөлшерлемені төмендету болуы мүмкін.
Сондай-ақ уақытша қаржылай қиындықтарды растайтын құжаттарды қоса тіркеу қажет. Мысалы, жұмысынан айырылу, табыстың азаюы немесе ауырып қалу. Банк өтінішті белгіленген мерзімде қарауға, ықтимал нұсқаларды ұсынуға және негізделген жауап беруге міндетті", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай шешімдердің салдарын да ескерген жөн.
"Ай сайынғы төлемді азайту, әдетте, несиенің мерзімін ұзарту арқылы жүзеге асады, бұл жалпы артық төлемнің өсуіне әкеледі. Ал төлемді шегерген кезде банк сыйақы есептеуді жалғастыра береді, бұл да қарыздың жалпы құнын арттырады.
Соған қарамастан, қайта құрылымдау уақытша жүктемені жеңілдетіп, мерзімді өткізіп алмауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңа шарттарды мұқият тексеріп, мөлшерлеменің өзгермегеніне және қайта құрылымдау үшін қосымша комиссиялардың жоқ екеніне көз жеткізу қажет", – деп түсіндірді ол.
Балама ретінде қайта қаржыландыруды да қарастыруға болады, яғни қолданыстағы несиелерді өтеу үшін тиімді шарттармен жаңа несие рәсімдеу.
"Бұл бірнеше несиені бір несиеге біріктіруге мүмкіндік береді. Алайда тек атаулы мөлшерлемеге емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ) назар аудару керек. Өйткені ол барлық комиссия мен төлемдерді ескере отырып, несиенің нақты құнын көрсетеді.
Сондай-ақ қолданыстағы несиелерді мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл бар-жоғын алдын ала анықтап алу қажет", – дейді сарапшы.
Сарапшы төлем тәртібінің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, кешіктірудің болмауы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру кезінде тиімді шарттар алуға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрақты кезеңде несиені уақытылы төлеп отырған жөн.
"Сонымен қатар қаржылай қауіпсіздік жастығы қиын кезеңдерден өтуге көмектеседі. Жұмысынан айырылған жағдайда ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алу мүмкіндігін қарастырған дұрыс.
Ең бастысы – тұрақты табыс көзінен айырылған кезде мәселені елемей қоймай, дер кезінде банкке жүгініп, шешім іздеу", – деп түйіндеді Айгерім Ілиясова.
