Ақмола облысында бес балалы үй өртенді: үшеуін әкелі- балалы ержүректер құтқарды

Асель Қайратқызы 22 қаз. 2025 10:24

Ақмола облысында әке мен бала нағыз ерлік жасады. Біржан Сал ауданы Үлгі ауылының тұрғындары өртеніп жатқан үйден үш баланы құтқарып қалды деп хабарлайды Dalanews.kz.24.kz сайтына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, өрт көп балалы ана Юлия Черкасскойдың үйін шарпыған. Өрт шыққан кезде үйде бес кәмелетке толмаған бала болған. Олардың екеуі өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген. Қалғандарына көмекке ауыл тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев пен оның ұлы Мирас келген.

Анықталғандай, Тоқсанбаевтың ұлы- болашақ құтқарушы. Олар санаулы минуттар ішінде отқа оранған үйден үш баланы алып шыққан.

«Мен бірден газ баллонды сыртқа шығарып, кабельді ажыраттым. Қолымда тырма болды, сол арқылы есептегішті тоқтаттым. Содан кейін үйдің артқы бөлмесін бұза бастадық. Терезені сындырдық, бір бала сыртқа шықты да: «Онда ешкім жоқ»,- деді. Мен оған айқайладым: «Шық, олар осында». Содан кейін үшеуін терезеден шығара бастадық. Біреуі терезе алдында болды, екеуі ар жақта болған»,- деді Ерлан Тоқсанбаев.

Балалар құтқарылғаннан бірнеше минут өткен соң үйде қалған газ баллондар жарылып кеткен. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер отты жедел өшірген.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, өрттің шығу себебі- қысқа тұйықталу болған. Құтқарушылардың атап өтуінше, Тоқсанбаевтар отбасының батыл әрекетінің арқасында өрт кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетіліп, баспана мәселесі шешіліп жатыр. Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтар мемлекеттік наградаға ұсынылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар