Шымкент қалалық соты қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты әрі кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиевке екінші мәрте іздеу жариялады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің "Қорлау" бабымен айыпталып, ісі сотқа жеткен еді, деп хабарлайды Dalanews.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Сот дерегінше, айыпталушы 1976 жылы туған, Шымкент қаласы Қазығұрт шағынауданында тұрады. Сот қаулысында:
"Дәулетәлиев Қуаныш Әмірсейітұлы сот отырысына беймәлім себептермен келмегендіктен, оған қатысты іздеу жариялансын. Ұсталған жағдайда сот мәжілісіне мәжбүрлеп жеткізілсін", — делінген.
Сот отырысы жабық өткен. Үкім шығару кезеңіне жеткен істің қаралуы айыпталушының сотқа келмеуіне байланысты уақытша тоқтатылды.
Судья Асхат Есенов мәлімдегендей, Дәулетәлиев табылған соң іс қайта жаңартылып, қаралатын болады.
"Сотталушы сотқа белгісіз себептермен келмегендіктен, іздеу жарияланады. Қылмыстық іс тоқтатылды, ол ұсталған соң іс қайта қаралады", — деді судья.
Жәбірленуші Ескендір Жамбаевтың айтуынша, бұрынғы депутат оны балағаттап, ар-намысына тиіп, қорқытқан.
"Ол мені балағаттап, қорқытып, намысыма тиетін сөздер айтты. Бұған дейін оның екі баласына қатысты алаяқтық дерегі бойынша арыз түсіргенмін. Сот оларды кінәлі деп таныды. Содан кейін Дәулетәлиев жеке кек сақтаған сияқты", - дейді жәбірленуші.
Айыпталушыны іздестіру шараларын ұйымдастыру прокуратураға, ал қаулыны орындау полицияға жүктелді. Экс-депутатқа іздеу жарияланғаны туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми порталында 2 қыркүйекте жарияланған.
Белгілі болғандай, Қуаныш Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты әрі «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Ресми мәліметтерге сай, мамандығы — заңгер, бірақ соңғы 25 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысқан. Мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.