Комиссия төрағасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен жүріп жатқан отырыста жиналған комиссия мүшелері өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салуда. Бұл туралы ҚазАқпарат, Munara.kz сайттарына сілтеме жасап, dalanews.kz хабарлайды.
Бақытжан Сағынтаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша комиссияның төрағасы:
– Біз еліміз, оның бейбіт болашағы үшін алаңдайтын азаматтарды ынтымақтасуға шақырдық. Халықты барынша қамту үшін облыстық әкімдіктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер жұмысқа жұмылдырылды. Комиссия біздің азаматтарымызға барынша пікірталастар барысы туралы дұрыс ақпаратты БАҚ режимінде ашық түрде алуы үшін жұмыс істейтін болады.
Біздің жұмысымыз ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Мәселені бүгінгі бір ғана отырыспен шеше алмаймыз. Біз бұл жерде дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Біз ата-баба дәстүрлерін жалғастыра отырып, қандай да болмасын мәселені тек ақыл-парасатпен және сабырмен шешуіміз керек. Ақылмен, сабырмен жан-жақты талқылау арқылы біз халыққа, қоғамға, жас ұрпаққа мәселені шешудің жаңа үлгісін көрсетуіміз қажет. Бір сәтте түбегейлі өзгерістерді жасаймыз деген де асыра сенім болмауы керек. Ел мүддесіндегі мәселе қадам-қадаммен жүзеге асыруды талап етеді. Баршамыз сындарлы сұхбат орнатып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуіміз керек.
Өз пікірлеріңізді, халықтың пікірін ортаға салыңыздар. Келесі отырысқа дейін оның барлығы сарапталады, ескеріледі. Орынды пайымдарды келісе отырып, қабылдаймыз. Орынсыз пікірлер болса, оның жөнсіздігін бәріміз мақұлдап, кері қайтарамыз. Яғни, комиссия жұмысы барысында әр мәселені егжей-тегжейлі мұқият талқылап, нәтижелі әрі тиімді жұмыс атқаруға тырысуымыз қажет. Ең бастысы – біздің жұмысымыз ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Ертеңге деген нық сенім – тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің, мемлекеттің мығымдылығының негізі. Баршаңызды келелі іске белсенді атсалысуға шақырамын!
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша комиссияның төрағасы орынбасары:
– Жердің тарихына алаңдаушылық білдірген әр азаматқа, оған өз пікірін қосқысы келетін азаматқа біз рахметімізді айтуымыз керек. Сол үшін Елбасымыз 5 мамыр күні бұл Заңға бүкіл халықтың көзінше мораторий жариялады. Осы заңға ұсыныс енгіземін, толықтыру жасаймын, жетілдіремін деген азаматтардың барлығына айқара есік ашып отыр. Елбасының сөзін тағы бір мәрте қайталап айтайын: «Халыққа қажеті жоқ заңның, бізге де қажеті жоқ», деді. Міне сондықтан халықтың өкілдері ретінде сіздер пікірлеріңізді айтып отырсыздар. Соның барлығы ескерілетін болады деп есептеймін.
1995 жылдан 2001 жылға дейін 6 жыл бойы барлық шетелдіктерге Қазақстаннан 99 жыл мерзімге жалға жер алуға мүмкіндік болған, заңда. Бірақ, қазақтың жерін ешкім талап алып кеткен жоқ. Өйткені, мұны басы-қасында қарап отырған азаматтар бар. Сол себепті осы бүгінгі отырысымыз береке-бірлікпен, бір-бірімізді тыңдаумен, бір-біріміздің пікірімізге құлақ асумен басталып жатыр.
Бұл 75 адамдық комиссия болғанымен, олардың ар жағында 75 мың адамның мүддесі тұр. Тіпті, 17 млн. халықтың мүддесі тұр деуге де болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз 100 пайыз дауыс беріп, 100 пайыз қол көтеретін коммунистік заманнан өтіп кеткенбіз. Демократиялық елдердің барлығында кез келген мәселені талқылаған кезде көпшіліктің дауысына қарай, ыңғайына қарай жығылады. Бұл да қоғамда бар нәрсе. Бірақ, азшылық дауыс болды екен деп кейбір азаматтардың халықтың атынан айтқан пікірлері ескерілмеу керек деген сөз емес. Әрбір пікір ескерілуі керек. Заңның әрбір бабы бойынша Елбасының айтып отырған тапсырмасы халықтың ортасына барып түсіндірілуі тиіс. Ертең ол да болады. Әртүрлі топтың пікірін ортаға салып, бәріміз бірдей соны талқылауымыз керек. Солардың барлығы ескерілуі қажет.
Мырзатай Жолдасбеков, Қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, комиссия мүшесі:
– Алдымызда жарты жылдай уақыт бар. Байбалам салмай, сабырмен біраз іс тындыруға уақыт бар.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, комиссия мүшесі:
– Жер шетелдіктерге сатылмайтыны жаңа да, бұның алдында да айтылып жатыр. Бұл жерде тағы бір мәселені айтқым келеді. Егер де шетелдік компания немесе шетелдік азамат жерді Қазақстанның резидентінен сатып алғысы келетін болса, оны қазір нотариус арқылы рәсімдеуге тыйым салынған. Егер де шетелдің азаматы немесе шетелдік резидент Қазақстанның жерін жалға аламын десе, тек қана конкурсқа қатысуы керек. Екінші айналымнын, нарықтан сатып ала алмайды. Бұған тыйым салынған. Елдің арасында ауыл маңындағы жайылымдық жерлер, мал үшін қажетті шалғын жерлер де жекеменшікке сатылып кете ме деген алаңдаушылық бар. Елді мекендердегі, шалғай жерлердегі мал шаруашылығына арналған жерлерді сатуға тыйым салынған. Бұл бапта нақты көрсетілген. Қазақстан жерінің жалпы алқабы – 272 млн гектар. Жер Кодексі бойынша, жер жеті санаттан тұрады. Соның ішінде ең үлкен екі бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 100 млн. 800 мың гектар.
Мұхтар Шаханов, Қоғам қайраткері, «Жалын» журналының бас редакторы, комиссия мүшесі:
— Халықтың атынан деп жатсыздар, кешіріңіздер, мұндағы көбі биліктің атынан. Біз халықтың талап-тілегін ескеруіміз керек. Оны осы бастан ескермесек, арты қиын болады, — деді.
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан қорының президенті, комиссия мүшесі:
– Қазақты жалқау, еріншек дейтіндермен келіспеймін. Ол – құлдық сананың көрінісі. Осы қазір өзіміз отырған Астанадағы көптеген ғимараттар тәуелсіздік жылдары қазақтың қолымен салынды. Қазақты жалқау деу дұрыс емес. Өзім ауылшаруашылық саласында қызмет етіп жүрмін. Шаруаларымыздың да мүмкіндіктерімен таныспын.
Президент «Халыққа ұнамайтын заң керек емес» деді. Біз де соны айтамыз. Халық соңғы бірнеше аптада өз ұстанымдарын білдірді. Ол ұстаным бойынша халық жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де қарсы екенін көріп отырмыз. Осы столдың басында отырғандардың көбі ел жақсылары, академиктер, депутаттар, үкімет өкілдері. Бірақ, ешкім халықтан жоғарымын деп айта алмайды. Халық амалсыздықтан, шенеуніктер тыңдамаған соң митингке шықты. Қазір осындай мүмкіндік берілген соң, жер мәселесін ақылмен, сабырмен шешетін уақыт келді. Бәрін талқылап, бір шешімге келейік.
Мәселен, үлесінде 49 пайыз шетелдік акциясы бар компаниялар жерді жалға ала ала ма? Осыны нақтылау керекпіз. Өйткені, бұған халық қарсы. 10,25 жылға жалға беруге де қарсы. Біз бұл заңды өзгерту керекпіз. Мен өз басым ол заңға қатысты жұмыс тобына кіруге, сол үшін Астанада үй жалдап тұруға да әзірмін.
Бекболат Тілеухан, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, комиссия мүшесі:
– Ел осы жерде отырған халықтың өкіліне сенбесе, сонда кімге сенеді. Халық деген бала-шағаң, құда-жекжатың. Сіз бен біз Солтүстік корея емеспіз. 100 пайыз дауыс беру мүмкін емес. Біз осы жерде халықтың атынан соның сөзін сөйлеуге келіп отырмыз.
ҚР Экономика министрі Қ.Бишімбаев:
– Австралия, Канада бізге ұқсас елдер. Олар экономиканы əртараптандыру мақсатында жер реформасын сəтті жүзеге асырған. Бұл елдерде жер телімдерін пайдалануда меншік құқы шектелмеген. Іске асырылған реформалардың арқасында Австралияда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына жыл сайын 2-4 миллиард Австралия доллары тартылып келеді. Сондай-ақ Үндістан, Əзербайжан, Чили сияқты дамушы елдерде осындай реформалардан кейін жер жекешелендіруге берілді. Мəселен, Үндістанда 1979 жылдан бастап жалға беру мерзімі 20 жылдан асады. Нəтижесінде он бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділік 28 пайызға өскені анықталды. Əзірбайжанда 1997 жылы жерді жекешелендіру туралы заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жер шетелдіктерге жалға немесе жергілікті азаматтарға жеке меншікке беріледі. Осы елде 2003 жылы жердің өнімділігі елуден жүз пайызға дейін өскені анықталды. Өсімдік шаруашылығының қарқыны қырық пайызға дейін өсті. Чилиде 1974 жылы жерді жекешелендіру басталды. Бұл елде шетелдіктердің жерге меншік құқы шектелмеген, соның арқасында жердің өнімділігі 26 пайызыға артқан. Бұл деректердің барлығы көп жылдардан бері ғалымдар тарапынан зерттелген жəне ашық ақпарат көздерінде бар. Көптеген əлемдік тәжірибелерді қорытындылай келе, жер реформасы ешқашан өндірісті төмендетпейді, керісінше əрдайым тиімді нəтижелерге алып келеді, – деді.
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комиссия мүшесі:
– Жердің астындағы мұнай да, газ да, көпір де, темір де таусылады. Жаңартылатын, таусылмайтын ол – жер. Жер ананы дұрыстап игеретін болсақ, ол жыл сайын құнарлығын арттыра отырып, өнімді көп беріп, өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етіп, артылған өнімді шетелге шығарып, елімізге валюта әкеледі. Ол үшін жерді қарқынды пайдалануымыз керек. Оған бүгінгі таңда қаржымыз болмай жатыр. Жерге инвестиция келуі керек. Сол себепті жерді шетелдіктерге жалға беру деген мәселе осыдан туындап отыр. Инвестиция тарту арқылы жердің астындағы байлықты қалай пайдалансақ, жердің үстін де солай кәдеге жаратуымыз қажет. Ол үшін жерді шетелдіктерге жалға беріп, жерге инвестиция әкелуіміз керек. Бірақ та ол қандай шетелдіктерге, кімге берілуі қажет? Осыны анықтауымыз керек. Мәселен, Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдердің инвсторлары келіп, бізге нивестиция салатын болса, неге оларға жер бермеске? Қазір Ақмола облысына америкалық бизнесмендер келіп, ірі қара малын өсіріп жатыр. 2013 жылы Қазақстан нарығына кірген бұл шетелдік инвесторлар өткен жылы 2 мың тонна етті экспортқа шығарған. Бірақ шетелдіктер өздерінің инвестициясымен келсін. Олар өз адамдарын әкелмесін. Жұмысшылар біздің қазақстандықтар болсын. Қазақстанның азаматтары болсын.
Қазақта «Иесіз қалған жер жетім» деген сөз бар. Жер бос жатпауы керек. Иесіз жатқан жер тозады. Сол себепті бұл жерді халықтың ырысы ретінде пайдалануымыз қажет. Біздің барлығымыздың негізгі мақсатымыз, Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – жерге меншік иесін табу, оның құнарлығын арттыру, тиімді пайдалану. Меншік иесін табудың жолы, меніңше, оны азаматтарға сату деген сөз. «Өзімдік дегенде өгіз қара күшім бар», дейді. Жалға беру бір бөлек. Жалға берілген көп жерлер бос жатыр. Арам шөп өсіп кеткен, ал егер ол өзіңнің ақшасын беріп, сатып алатын болса, оған деген оның көзқарасы басқаша болады.
Кейбір азаматтар 100-деген мың гектар жер алып алған. Оның көптеген жері пайдаланылмай жатыр. Сол себепті жерді сатуда оның мөлшерін бекітуіміз керек. Бір адамға деген мөлшер болуы тиіс. Ол әр ауданда, әр облыста жердің жағдайына, өңірлік климатына байланысты әртүрлі болатын шығар.
Берік Әбдіғали, саясаттанушы, комиссия мүшесі:
– Әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен өткізу өте өзекті мәселе болып отыр. Әлі күнге дейін делдалдар көп. Мал басын көбейтуге қомақты қаржы бөлінуде, дегенмен де өнімді тиімсіз бағамен әкетіп жатыр. Егін шаруашылығында жобалар бар, алайда мал шаруашылығы, ет өнімдері мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінсе деген ұсыныс бар. Комиссия отырысында жер реформасы қаралғанымен, жалпы бұл тақырып ауылдың мәселесіне тікелей байланысты болып тұр. Қазір ауылдарды байланыстыратын жолдың жағдайы, елді мекендердегі білім беру саласында қордаланған мәселелер бар екенін жасырын емес. Шалғайдағы ауылдардан халық әлі күнге дейін көшіп жатыр. Әрине, Үкімет тарапынан көмек көрсетілуде, көптеген жеңілдетілген несиелер беруде, «Дипломмен ауылға» деген бағдарламалар іске асырылуда. Дегенмен де бөлініп жатқан несиелерді игеретін азаматтар болмай жатыр. Ауылдағы көптеген іскер адамдар қалаға кеткен. Болашақта ынталандыру тетіктері арқылы ауылға ақша салуға, азаматтарды көшпеуге, ауылда қалуға ынталандыру жобаларын қарастырған жөн.
Дос Көшім, саясаттанушы, комиссия мүшесі:
– Бірінші мәселе, жаңа біздің Жақсылық Үшкемпіров ағамыз, Темірхан ағамыз, Сауэр мырзалар, тағы да басқа адамдардың айтуына қарағанда, олардың сөзін тыңдағаннан кейін мен жерді шетелдіктерге сатпау керек екен деген сөздің дұрыс екендігін ұқтым. Агроөнеркәсіп саласындағы адамдарды шақырған ұйымдастырушыларға рахмет. Осындай адамдар бар, ертең Жақсылық ағамыздың артынан жүздеген қазақтың жігіттері келеді, олар дәл осындай тамаша өндіріс орындарын ашады, жерді өңдейді, жоқ әлде басқа елдің азаматтарының қолынан келетін іс пе бұл?! Міне, көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселені талқылаудың да қажеті жоқ. Осы жердегі жігіттердің барлығы айтты, қолымыздан келеді, жасай аламыз. Тек қана мынадай, мынадай көмек керек деді жас жігіттер. Сондықтан осы мәселені талқылаудың қажеттілігі де жоқ.
Қазіргі жер реформасына қатысты дау-дамай түсінбеушіліктен туған мәселе. Оны шешу үшін алдымен халықтың билікке деген сенімін арттыру қажет.
Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі, комиссия мүшесі:
– Мен сіздердің назарларыңызды үш мәселеге аударғым келеді. Біріншіден, Жер кодексінде міндетті түрде қауымдық жер түсінігі енгізілуі тиіс деп есептеймін. Себебі, жер сатылады деген кезде әрбір азамат ең бірінші кезекте ауылындағы жер еске түседі. Ал енді дәл осы тұрғыдан келгенде бүкіл қазақтың ауылының әр үйінде 20-30 қойы, 5-6 сиыры, 2-3 жылқысы бар. Енді 20-30 қойды бағу үшін арнайы 100 гектар, 500 гектар жерді жалға не болмаса сатып алу тиімсіз. Сондықтан ауылдың төңірегіндегі 5-10-15 шақырым жер ешқашан сатылмауы, жалға берілмеуі керек.
Екінші мәселе ауыл шаруашылығына берілетін несие. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде еліміздің ауыл шаруашылығына мол несие берілді. Бірақ ол ақшаның басым бөлігін ірі жер иеленушілері алды. Алайда бұл несиелерді коммерциялық қаржы ұйымдары бергендіктен ол мақсатсыз жұмсалды. Сондықтан «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» секілді тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы несие беретін мемлекеттің қатысуындағы банк қажет деп есептеймін.
Үшінші мәселе, жер жалға шетелдіктерге берілмесін деп айтып жатырмыз. Оның ішінде әсіресе Қазақстанмен іргелес жатқан 5 мемлекетке берілмеуі керек. Халық күдіктеніп отыр, қауіптеніп отыр. Халықты күдіктенгені үшін айыптауға болмайды. Мәселе тек солтүстік не болмаса шығыстағы көршіде емес. Сол сияқты оңтүстіктегі Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарына да байланысты.
Иван Сауэр, «Родина» Агрофирмасы» ЖШС бас директоры, комиссия мүшесі:
– Жермен тікелей жұмыс істеп жатқан адамдар өздерінің пікірлерін аз білдіріп жатыр. Шын мәнінде, халықтың арандатпай, халықтың сөзіне құлақ түру керек. Халыққа мәліметтерді жеткізейік, бұқара өз кезегінде тиісті қорытынды шығарсын.
Ақылбек Күрішбаев, «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ ректоры, комиссия мүшесі
– Бізде жерді бөлуде әділетсіздік бар. Әлемдік тәжірибеге тоқталсақ, оларда да бір адамға жер бөлгенде көп көлемде бермейді. Оларда тиісті мөлшері бекітілген. Бізде қазіргі кезде бірнеше компаниялар бар, яғни Солтүстік Қазақстанда 500 мың гектарды қамтып отыр. Бұл дұрыс емес. Ол өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігімізге, сондай-ақ бәсекеге кедергілер жасайды. Соған байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек.
Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері, комиссия мүшесі:
– Жастардың арасында жер мәселесіне қатысты тек бір жағы ғана айтылады. Яғни, эмоциалық жағы ғана байқалады. Ал жер реформасы не үшін жасалып жатыр, нарықтық айналымға енгізу не үшін қажет деген мәселелерді көбісі білмейді. Сондықтан бүгінгі күні Жер реформасы не үшін жасалғанын кеңірек түсіндіруіміз керек сияқты. Әсіресе қазақ жастарының арасында ақпарат дұрыс жетпейді. Мәселен, оңтүстік өңірдегі жастардың қаржылық сауаты жоқ. Олар қалай несие алу керек, компания қалай ашу керек деген мәселелерді білмейді.
Соңғы жылдары қаланың азаматтары ауылға көп баратын болды. Қалада оқыған қазақтың жас жігіттері ауылдан бизнес ашуда. Себебі, тиімді жағын байқады. Ал ауылдың жастары керісінше, қалаға қашып жатыр. Менің ойымша, осы жағдайды дұрыстау үшін жастарға көбірек ақпарат беруіміз керек.
Нұржан Әлтаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі:
– Жер мәселесі халқымыз үшін барынша өзекті екендігі сөзсіз. Өйткені бұл біздің туып-өскен ата-қонысымыз. Бірақ, сонымен бірге сол жерді біз ең алдымен халықтың игілігіне пайдалануымыз керек. Болашақта тек қана мұнай-газ емес, мұнан бөлек елдің әл-ауқатын көтеретін, экономикамызды аяққа нық тұрғызатын ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы болмақ