Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев, өз сөзінде: «Шыны керек, соңғы кездері тарихи мақалалар журналистиканың деңгейіне түсіп кетті. Нақтырақ айтсам, тарихи мақалалар рейтинг қуып кетті. Ең қызығы, мұндай дүниелер оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие. Меніңше, тарих қоғамды қақ жармауы, керісінше біріктіруі қажет. Бұл туралы Астанадағы алқалы жиында «біз өткен тарихымызды еске алған кезде өкінбеуіміз және тұнжырамауымыз қажет. Өткен тарих қазақстандықтарды қақ жармай, біріктіруі керек» деп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын», – деген пікір білдірді.
Ал тарих ғылымдарының кандидаты Рустам Ғаниевтің айтуынша, тарих дегеніміздің өзі құжаттық деректерді зерттеу. Иә, тарихты саясаттың қанжығасына байлап берді деген әңгімелер жиі айтылады. «Бірақ, өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, тарих қай кезде де тарих. Бұл сала құжатпен жұмыс істейді. Және тарих туралы айтқанда ешбір тарихшы бұл араға өзінің жеке пікірін кіріктіруге құқысы жоқ» деді Ғаниев.
Өз кезегінде журналист Владислав Юрицын: «Технология дамып, әр тұстан тарихшысымақтар анталап, әлеуметтік желілерде өз көзқарастарын білдіруге көшті. Мұндай жағдайда тарих ертегіге, деректер аңызға айналады» деді.
Тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтановтың пікірінше, қазіргі тарих ғылымын жалған тарихшысымақтар ғана құртып отырған жоқ. Тарих ғылымына математика, физика, жағрафия сияқты ғылымдар араласып кетті.
– Ал бір кездері, біздің студент кезімізде қандай еді?! Белгілі бір тарихи жайтты түсіну үшін студенттер археология, этнология, палеонтологияны, нумизматиканы меңгеретін. Бұл салалардың барлығы да тарих ғылымымен өте тығыз байланысты – деді бұл ретте Болат Сұлтанов.