BYD тарихындағы ауқымды тексеріс: 115 мыңнан астам электрокөлік сервистік жөндеуге жіберіледі

Қаракөз Амантай 18 қаз. 2025 19:00

Қытайдың танымал автокөлік өндірушісі BYD өз тарихындағы ең ауқымды сервистік жөндеу науқанын жариялады. Компания 2015–2022 жылдары шығарылған Tang және Yuan Pro сериясындағы 115 мыңнан астам электромобильді қызметтік тексеріске қайта қабылдайды. Бұл туралы Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2015–2017 жылдары шығарылған BYD Tang үлгілерінде электрқозғалтқышты басқаратын электрондық жүйеден ақау табылған. Кей жағдайда контроллер қуатты дұрыс босатпай, басқару тақшасы қатты қызып, көлік электр режимінде қозғала алмай қалған.

Мұндай тәуекелдің алдын алу үшін компания бағдарламалық жасақтаманы жаңартады. Енді жүйе аккумулятор қуатын тура қозғалтқыш арқылы босататын болады, бұл әлдеқайда қауіпсіз тәсіл саналады.

2021–2022 жылдары шығарылған Yuan Pro үлгілерінде де ақау тіркелген. Кей көліктердің батарея блогындағы тығыздағыш дұрыс орнатылмаған. Соның салдарынан көлік жоғары жылдамдықпен су арқылы жүрген кезде батарея ішіне ылғал өтіп кетуі мүмкін. Бұл қуаттың төмендеуіне және электр жүйесінің істен шығуына әкеледі.

Мәселені шешу үшін өндіруші барлық осындай көліктердің батарея қаптамасын арнайы герметикпен нығайтып, су өткізбейтін қорғанысын күшейтпек.

Бұған дейін BYD өртену қаупіне байланысты Fangchengbao Bao 5 гибридті жол талғамайтын көлігінің 6843 данасын, сондай-ақ руль жүйесіндегі ақауға байланысты Dolphin және Yuan Plus үлгілерінің 97 мыңға жуық данасын сервистік жөндеуге қайтарған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар