Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов орталық аппарат, аумақтық полиция департаменттері мен Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылары қатысқан кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Жиында министр тәртіп бұзған және қызметіне салғырт қарайтын полицейлерді қатаң сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қызметтің барлық қиындығы мен тәуекелдеріне қарамастан, полиция қызметкерлерінің басым бөлігі өз міндетін адал атқарып жүр. Күн сайын мыңдаған полицей ел тыныштығын қорғап, нағыз ерлік көрсетеді. Алайда бірлі-жарым тәртіп бұзушылық сол еңбектің бәрін жоққа шығарады. Бұл - бізге сын", - деді Сәденов.
Министр аумақтық департаменттер басшыларына қызметтік тәртіпті күшейтуді, жеке құраммен профилактикалық жұмыс жүргізуді және жас қызметкерлерге тәлімгерлік институтын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар қызметтік тәртіпті жиі бұзатын тұлғаларға ерекше бақылау орнатып, түзелмеген қызметкерлерге қатысты нақты кадрлық шешім қабылдау қажеттігін ескертті.
Алқа отырысында 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге басым бағыттар айқындалды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын және кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын нығайтуды жалғастырып келеді. Нәтижесінде қылмыс саны 7 пайызға азайды. Кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, тонау, қарақшылық, бұзақылық және ұрлық фактілері төмендеді", — делінген хабарламада.
Қоғамдық орындар мен көшелерде де құқық бұзушылықтар азайған.
"Ең бастысы - адамдардың қауіпсіздігі. Тұлғаға қарсы қылмыстардың азаюы - аз қайғы мен көбірек қорғаныш", - деді министр.
Сонымен қатар Ержан Сәденов ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейтуді, табиғи және биологиялық ресурстарды заңсыз өндірумен байланысты қылмыстық схемаларды анықтауды және халықаралық көлік бағыттарындағы жүк қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Министр әсіресе мал ұрлығына ерекше назар аударып, ауыл тұрғындарының табысы мен тыныштығына тікелей әсер ететін бұл мәселе бойынша алдын алу шараларын күшейтуді жүктеді.
Отырыста отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен және жасөспірімдер қылмысымен күрес те қаралды.
"Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі өзгерістер бар: зорлық-зомбылықтың алдын алу ерте кезеңде қолға алынуда, ұрып-соғу әрекеттері қылмыстық сипатқа ие болды. Арнайы бөлімше құрылып, 70 мыңнан астам қорғану нұсқамасы шығарылды. Дегенмен кей өңірлерде полицияның әрекеті дер кезінде болмай отыр", - деді министр.
Жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты 1600-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген.
"Негізгі себеп - ата-аналық бақылаудың әлсіздігі. Түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырған 107 мыңнан астам ата-ана және тыйым салынған уақытта кәмелетке толмағандарды кіргізген 1900-ге жуық ойын-сауық орнының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады ІІМ.