Омбының «Авангард» командасы Астанада Қазақстанның «Барысынан» 2:6 есебімен жеңілгеннен кейін, желі қолданушылары матч алдындағы ресейлік хоккейшілердің Астанада шопинг жасағанын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеше, 16 қазанда, ҚХЛ аясындағы матчта қазақстандық «Барыс» ресейлік «Авангардты» 6:2 есебімен ойсырата жеңді. Мұз иелері әсіресе үшінші кезеңде көзге түсіп, қарсыластың қақпасына жауапсыз төрт шайба соқты.
Алайда жанкүйерлердің әлеуметтік желілердегі назарын тек матч нәтижесі ғана емес, Омбыдан келген қонақтардың ойын алдындағы әрекеті де аударды.
Ең көп талқыланған жайттардың бірі- «Авангард» командасының қорғаушысы Дамир Шарипзянов жариялаған видео болды. Онда хоккейші сатып алған заттарының сөмкелерін көрсетіп, былай дейді:
«Астана- Ресейде жоқ дүкендерді аралап, сауда жасауға тамаша мүмкіндік. Негізінен, әрине, балаларға бірдеңе алдық. Бірінші сөмке дайын. Әрине, ZARA- ның балалар бөлімі. Суперқаһармандарды алып жатырмыз. Семен Семеныч мұнда таңдап жатыр»,- дейді ол видеода.