Астанада полиция қызметкерлері "жеңілдетілген ипотека алып беремін" деген сылтаумен жұртты алдаған алаяқтықтың қылмысын әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, елорда тұрғыны полицияға арыз түсіріп, өзін алдап кеткен әйел жайлы хабарлаған. Айтуынша, танысы мемлекеттік жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы арқылы несие рәсімдеуге көмектесемін деп сендірген.
Жәбірленуші барлық қажетті құжат пен өтінімді дайындап берген. Алайда алаяқ сол құжаттарды өз пайдасына пайдаланып, «байланыстарым бар, мақұлдауды тездетіп алып беремін» деген желеумен 2 миллион теңге сұраған. Ақшаны алған соң ол байланысқа шықпай қойған.
Полиция күдіктіні ұстады. Қазір ол алаяқтық бабы бойынша жауапкершілікке тартылуда.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға ескерту жасады.
"Жеңілдетілген бағдарлама» немесе «несиені тез рәсімдеу» сынды уәделерге сенбеңіздер. Барлық мемлекеттік тұрғын үй және несие бағдарламалары тек ресми тәртіппен, делдалсыз жүзеге асырылады", - деді олар.