Жасанды интеллект пен BIG DATA мемқызметтің тиімділігін арттырады

Көркем Алдабергенова 23 ақп. 2024 17:00 3841

«Қазір әлемде сандық технологиялар қарқынды дамып,  тіршіліктің түрлі саласының тегеурінді тірегіне айналып отыр. Заман көші «жүрек қағысы» іспетті, кібіртіктесең, ілеспей қаласың. Алға ұмтылсаң, ілгерілейсің.  Уақыт керуені ешқашан тоқтаған емес, үнемі жаңарып, жанданып, жасарып отырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тағы бір еске салды. Тіпті, «Қазақстан әлемдегі  «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналуы керек» деді.

«Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды... Шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ», –деді Президент.

«Цифрлық көшпенділер» – белгілі бір тұрғылықты мекенге байланып қалмай, әлемнің кез келген жерінен жұмыс істей алатын адам.  Уақыт кешегі пандемия және жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтан қызмет ету мен икемді жұмыс кестесін қолдануға мүмкіндігін көрсеттіБірқатар мемлекетқашықтағы жұмысшылар үшін цифрлық көшпенді немесе Digital Nomad визасын ұсына бастады. Digital Nomad Visa - бұл шет мемлекетте жұмыс істеп және тағы өзге елде табыс табу құқығын беретін қашықтағы қызметкерлерге арналған виза. Виза әдетте бір жыл немесе одан да көп мерзімге беріледі. Бір жылдан кейін кей мемлекетте оны ұзартуға болады, ал бірқатар елде тіпті тұруға да рұқсат беріледі. Бүгінде 35-тен астам ел 6-12 айға дейін өмір сүруге мүмкіндік беретін цифрлық көшпенді визаларын береді. Ең танымалы Португалия, Коста-Рика, Испания, Мажарстан, Греция, Бразилия, Черногория бағыттары.Мұндай виза беруді Қазақстан үкіметі де қарастырып отыр. 

Айта кетерлік, Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор  қалыптастырған. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Бұл ретте Тоқаев мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай беру маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында IT-шешімдер арқылы мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру маңызды екенін атап айтты.

«Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте отандық ғалымдар мен мамандар елімізде жасанды интеллектіні дамыту ісін құптап, Қазақстанның әлемдегі «сандық көшпенділер ордасына» айналуы бағытында жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп отыр.

Мадина МАНСҰРОВА, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі:

Мен Президенттің білімді және патриот азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуының маңыздылығы туралы пікірімен толық келісемін. Сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті жастарымыз шынымен де елдің дамуы үшін құнды ресурс деп санаймын. Президенттік Жастар кадрлық резервін құру бастамасы осы бағыттағы табысты қадам болып көрінеді. Осы резервтің бөлігі сияқты жас мамандар біздің қазіргі реформаларымыз бен қайта құруларымыздың қозғаушы күші бола алады. Олардың тек мемлекеттік органдарда ғана емес, сонымен бірге бизнесте де жауапты лауазымдарға ие болуы, жалпы игілікке өз білімдері мен тәжірибелерін беруі маңызды.

Мемлекеттік қызметтегі реформаларға қатысты ашықтық, заманауи технологияларды пайдалану және жеке сектордан білікті кадрларды тарту идеясы өте маңызды және орынды шешім болып табылады. Жасанды интеллект пен Big Data қоса алғанда, технологияларды тиімді пайдалану халықпен өзара іс-қимылды едәуір жақсартып, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыра алады деп санаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетті басқаруда жасанды интеллект (AI) және үлкен деректер (Big Data) технологияларын тиімді пайдаланудың маңыздылығы туралы айтқан сөздері күрделі міндеттерді шешуге заманауи көзқарасты көрсетеді. Қазіргі заманғы технологиялар арқылы азаматтармен өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіру қажеттілігі туралы оның мәлімдемесімен келісемін. Маңызды шешімдер қабылдауда деректер мен AI қолдану ашықтық пен қоғамдық пікірді ескеруді арттыруы мүмкін, бұл егеменді және ашық демократияны құру үшін маңызды. Жалпы, Президенттің «мемлекеттік қызмет азаматтардың нәтижелері мен қажеттіліктеріне бағдарланған озық салаға айналуы тиіс» деген көзқарасымен келісемін.

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резерв форумында мәлімдеген Digital Nomad Residency бағдарламасы қызықты бастама. Бұл цифландыру саласындағы көшпенділер мен әр түрлі саладағы мамандарды тарта алады, бұл өз кезегінде білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Әлемнің көптеген елдерінде жасанды интеллект саласында белсенді өсу байқалуда және Қазақстан да осы үрдісті ұстанатыны сөзсіз. Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына қатысты нақты баға беру қиын. Жасанды интеллектті енгізудің артықшылықтарына мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, бизнес-процестерді оңтайландыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту кіреді. Дегенмен, кез келген саладағыдай, назар аударуды және реттеуді қажет ететін деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне ықтимал қауіптер сияқты тәуекелдер бар. Бұл мәселенің шешімі жайынды барлығымыз ойлауымыз керек. Тұтастай алғанда, цифрландыру және технологияларды пайдалану бағытындағы күш-жігер елдің инновациялық дамуға ұмтылысы және технология саласында жоғары білікті мамандарды тарту үшін жағдай жасау туралы айтады. Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту келешегі бар бағыт болып табылады және осы салада одан әрі табысты ілгерілеуге үміттенеміз. Жоғары білікті мамандар мен инновациялық жобаларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмысты жалғастыру маңызды.

Елімізге тұрақты даму, заманауи технологияларды табысты енгізу және өркендеу тілеймін. Цифрлық болашаққа жасалған бұл қадамдар жаңа мүмкіндіктер ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берер деп үміттенемін.

Раиса ӨСКЕНБАЕВА, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты директоры:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі Қазақстанда экономиканы цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану жағдайында өте өзекті және мағыналы. Президентіміз мемлекеттік және қаржылық қызметтерді цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, соңғы төрт жылда қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 88%-ға дейін өскенінің әсерлі мысалын келтірді. Жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлінетіндігі мерзімді шешім деп санаймын. 2026 жылға қарай дүниежүзіндегі кәсіпорындардың 80%-дан астамы жасанды интеллект құралдарын пайдаланады деген болжам бар, бұл Қазақстанда осы саланы белсенді дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

Digital Nomad Residency бағдарламасы арқылы жасанды интеллект саласындағы жетекші шетелдік сарапшыларды тарту – жасанды интеллект саласында сарапшылар қауымдастығын дамыту және біліммен алмасу үшін тамаша бастама. Мұндай бағдарламалар инновациялар мен технологиялық өсудің қуатты драйвері бола алады.

Жалпы, Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде Қазақстанның экономикалық ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі стратегиялық көзқарас көрініс тапқан.

Қайратбек ШӘДИЕВ, Алматы қаласы №178 мамандандырылған лицейдің директоры:

Қазіргі кезде жаңа технологиялар қарқынды дамып, қоғам өміріне дендеп келеді. Технологиялық өзгерістер әлемнің төртінші өндірістік революциякезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Оның айғағы ретінде көліктердің адамсыз жүруі, 3Д принтерлер арқылы ғимараттардың салынуы, wi-fi интернеттердің пайда болуы арқылы ақпараттардың алмасуы, бұлтты технологиялардан терабайт ақпараттардың сақталуы, жасанды интеллект және дрондардың пайда болуы, тағы басқа мысалдарды келтіруімізге болады.   

Жасанды интеллект біздің технологиялық дамуымыздың негізгі қайнар көзі болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кездері елімізде жасанды интеллектті дамытуға баса назар аударып келеді. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға 1 триллион доллардан астам инвестиция құйылады деген болжам бар. Оған инвестиция құйылса, жасанды интеллект саласы бойынша өндіріс те қарқынды дамиды. Өндіріс автоматтандырылса, тауарлар сапалы болады, қызмет көрсету сапасы артады. Сапа артатын болса, еліміздің жалпы ішкі өнімі де артады. Бұл біздің экономикалық білімнің артуына зор септігін тигізеді. Білім экономикасы арту үшін бізге мамандар қажет болады. Білікті мамандар даярлау үшін мектептен бастау керек.

Алматыдағы №178 мамандандырылған лицей физика, математика және информатика бағытында тереңдетіп білім береді. Мұнда робот техникасы үйірмесі жұмыс істейді. Оқушылар әр тілде заманауи компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, түрлі жоба жасайды. Ол компьютерлік және, техникалық жобалар. Білімгерлер бағдарлама тілдерін пайдалана отырып, «ақылды мектеп», «ақылды үй» немесе «робот арба» секілді өздерінің  жобаларын ұсынды. «Ақылды үй», «ақылды мектеп» бір ғана шапалақтың көмегімен электр энергиясын үнемдеуге болады немесе электр шамын жаққанын-жақпағанын, кейде ұмытып кеткен кезде алыстан отырып басқарып, электр энергиясын үнемдеуде, қандай да бір газ шықты делік, балалар қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы сигналдарды беріп отыратын датчиктерді орналастыруға немесе есіктерді автоматты түрде жабуға көмек беретін осындай құрылғыларды ойлап тауып жатыр. Мектепті 3Д бақылауда жан-жақты көрсететін арнайы бағдарлама әзірледі. Олардың бәрі балалардың жасанды интеллектіні жасауға алғашқы қадамдары деп сануға болады.Өткен жылы лицейдің 10 оқушысы тың жобалар жасап, авторлық еңбектеріне  патент алды.

Автор: Арайлым АБАЙҚЫЗЫ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар