Қырғызстанда 17 жастағы Айсулуу Мукашеваның өліміне қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, өлім жазасын қайта енгізу мәселесін талқылауға түрткі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғызстан ІІМ- нің мәліметінше, Айсулуу Мукашеваның өліміне күдікті ретінде ұсталған 41 жастағы Кумарбек А. тергеу барысында тағы бір қылмысын- 2014 жылы жасалған Камила Дуйшебаеваның адам өлтіру ісін мойындаған. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті бұрын бірнеше рет сотталған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол қылмыстарын жасыру үшін жалған құжаттар пайдаланып, сыбайластарымен бірге әрекет еткен болуы мүмкін, деп жазады 24.kg.
ІІМ хронологиясы бойынша, Кумарбек қатысқан алғашқы тіркелген оқиға 2006 жылы болған- ол кезде ол қарақшылық үшін ұсталған. Кейінірек ол 2011 жылы бейтаныс қызды өлтіргенін және 2015 жылы жасалған кісі өлтіруге талпынған әрекетін мойындаған.
Күдіктінің айтуынша, Камила Дуйшебаеваны өлтіргеннен кейін үш күн өткен соң ол тағы бір зорлық сипатындағы қылмыс жасаған. Тергеушілерге ол бұған дейін құрбандарының денесі табылған орындарды көрсеткен. Камиланың мәйіті 2014 жылы Байтик ауылындағы зираттан табылған. Сараптама нәтижесінде қыздың орамалмен тұншықтырып өлтірілгені анықталған. Бұл іс бүгінге дейін ашылмай келген.