Әлеуметтік желіде танымал Алагөзовтар отбасының есімін пайдаланып, жұрттан ақша жинауға шақыратын күмәнді жобалар пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы белгілі тележурналист Айгүл Мүкей айтып, қазақстандықтарды абай болуға үндеді. Оның сөзінше, елге танымал адамдардың атымен таралатын жарнамаларға бірден сенуге болмайды. Себебі мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық схема тұруы мүмкін.
Журналистің айтуынша, күмән тудырған бағдарламалардың біріне қатысу үшін алдымен 20 мың теңге, кейін тағы 100 мың теңге аудару талап етілген. Айгүл Мүкей мұндай жағдайда адамдардың оңай ақшаға қызығып, алданып қалуы мүмкін екенін ескертті.
Ол ешкімнің себепсіз ақша таратпайтынын айтып, "тегін ірімшік тек қақпанда болады" деген қағиданы ұмытпауға шақырды. Журналист кез келген қаржылық жобаға қатыспас бұрын оның шынайылығын мұқият тексеру қажет екенін жеткізді.
Желі қолданушылары да бұл ескертуді қолдап, танымал тұлғалардың немесе қайырымдылық қорларының атын жамылып ақша сұрайтындарға сенбеуге кеңес берді. Олардың пікірінше, алдын ала жарна немесе қосымша төлем талап ететін жобаларға аса сақтықпен қараған жөн.
Қолданушылар қазақстандықтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және ақша аудармас бұрын ақпараттың рас-өтірігін ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.