Бүгін Мәжілісте депутаттар "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заң жобасын қарау барысында депутат Бақытжан Базарбек ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сұрақ қойып, өзінің көңілі толмайтын тұстарды айтты. Оның сөзінше, учаскелік полицейлер тиісті деңгейде жұмыс істемейді.
"Тау бөктерін кесіп, заңсыз жер қойнауын алу бойынша қаншама тексеріс аштым, сіздің ведомстводан ешқандай реакция жоқ. Ішкі істер министрлігінен ешкім хабарласқан жоқ. Тау бөктерінде заңсыз соғылған нысанды сүру кезінде жердің иесі өз-өзін жанармаймен жағамын деді. Сонда полиция болған жоқ. Лепеха мырзаға телефон соғып, полицияны алып келуге тырыстым. Базарбек қатысқаннан кейін полиция келді. Ал Базарбек қазір Парламент Мәжілісінде. Әрине, менің сөзім ыңғайсыз. Менің сөзім ыңғайсыз екені бет-әлпетіңізден байқалып отыр. Ренжімеңіз, айтуға тура келді", - деді ол.
Осыдан соң Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа былай деп ескерту жасады:
"Жұмысын сынаңыз, бет-әлпетін сынаудың қажеті жоқ".