Үшқоңырдағы 15 мың гектар жерді Назарбаевтар әулеті жекелеп алған ба?

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2024 11:19 3265

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үшқоңырда 15 мың гектар жерді қарулы күзет қоршап алғаны туралы ақпаратқа жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысын Шамалған ауылындағы  Үшқоңыр тауы қоршалып, ол жерге кіре алмағанын айтқан болатын. Оның айтуынша, мемлекеттің 15 мың гектар жерін қаруланып алған күзетшілер қоршап алған.

"Табиғаты керемет жер. Бұл жерде жолды жауып, қоршап тастаған. Қарулы адамдарды қойып тастаған. Ешкімді өткізбейді. Ел өздерінің жайылым жеріне бара алмай отыр. Мемлекеттік актілері барлар да кіре алмай отыр. Мен кіруім мүмкін, басқаларды кіргізбейді ғой. Мені де кіргізбеуі мүмкін. Бұл жақ - жеке мемлекет. Мен былай топшылап отырмын, бұл жерде Назарбаевтардың резиденциясы бар. Ол әрі орналасқан. Бірақ осы жолмен барады. Соған ешкімді жолатпау үшін қоршап тастаған", - деген еді депутат.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мақсат Толықбайдың сауалына жауап берді. Жауапта Қарасай ауданы прокуратурасының 2023 жылғы 9 ақпандағы жер заңнамасы талаптары бұзылғанын жою туралы ұсынысы Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне енгізілгені айтылады.

"Прокуратураның жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы ұсынысында заңды тұлғаларға жер учаскелерін беру барысында атқарушы органдардың Жер кодексінің талаптарын бұзғаны хабарланған: "Дүние Агро" ЖШС-не (қазіргі "Steppe AgroMeat" ЖШС) алаңы 193,0 (кадастрлық нөмірі 03-047-152-007) және 3408 гектар (кадастрлық нөмірі 03-047-542-029), сондай-ақ, "Дүние Корпорациясы" ЖАҚ-на (қазіргі "QazAgroCentre" ЖШС) алаңы 5640,0 гектар (4549,35 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-542-030, 1004,74 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-152-008 және 85,95 гектар кадастрлық нөмірі 03-047-163-844) жер учаскелері", - деп жазылған жауапта.

Осы ретте департамент былтыр наурыз бен сәуірде Алматы облысының Қарасай аудандық сотына және Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін сатып алу-сату келісімшарттарды заңсыз деп тану және оның күшін жою жөнінде үш талап-арыз жолдаған. Алайда "Дүние-Агро" ЖШС-не тиесілі көлемі 193,0 гектар жер учаскесіне берілген талап арыз Алматы облысының Қарасай аудандық сотының (2023 жылғы 27 қарашадағы №1952-23-00-2/360) шешімімен қанағаттандырылмаған.

Департамент бұл шешіммен келіспей, 2023 жылғы желтоқсанда Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым берген (20 ақпанда сағат 17:30-да қарау жоспарланған). Ал қалған екі талап-арыз қазір Алматы облысы Қарасай аудандық соты мен Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар