Қазақстанда білім беру саласында технологияға негізделген жаңа модель қалыптасып жатыр. Бұл туралы Bilim Group негізін қалаушы, "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтып, елдегі цифрлық трансформацияның ауқымына тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның сөзінше, жоба бастапқыда жай ғана тренинг форматы емес, ұлттық деңгейдегі білім беру бастамасы ретінде қарастырылған. Негізгі гипотеза – технологиялық экожүйемен коллаборация құру арқылы оқушылардың мотивациясын күшейтіп, нәтижесін арттыру.
«Біз үлкен гипотезамен Freedom-ға бардық. Freedom шынымен инновациялық экожүйе ретінде бастамамызды қолдады. Қазір SuperApp ішінде біздің шешімдер жұмыс істеп тұр. Олар оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді мүлде жаңа тәсілдермен ынталандырып, оқу процесінде қолдап отыр», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі коллаборация өңірде бұрын-соңды болмаған. Қазақстан қысқа уақыт ішінде мектеп жүйесін толық цифрландырған елдердің біріне айналды.
Бүгінде мектеп бағдарламасының барлығы цифрлық форматта қолжетімді. Атап айтқанда:
– 39 пән,
– 11 оқу деңгейі,
– 13 300 тақырып толық жүйеленген.
Бұл – бірінші сыныптан бастап мектеп бітіруге дейін әр оқушы меңгеруі тиіс білім бірліктерінің нақты саны. Яғни, 13 300 тақырып – баланың мектеп қабырғасында игеруі тиіс дағдылар мен білім көлемінің цифрлық картасы.
Рауан Кенжеханұлының пікірінше, қазіргі білім сапасын бағалау тәсілі өзгеруі тиіс.
«Мәселе бағдарламаны толық өту емес. Нақты сұрақ – бала осы 13 300 тақырыптың қаншасын шын мәнінде меңгерді? Олар арасында байланыс орната алды ма? Сол білім арқылы қоршаған орта туралы түсінік қалыптастырды ма?» – деді ол.
Барлық тақырып бірнеше форматта ұсынылған: анимация, бейнесабақ, интерактивті симуляторлар, жаттығу тренажерлары. Контент үш тілде қолжетімді. Мұғалімдер оны сыныпта экранға шығарып пайдалана алады, ал оқушылар үйде дайындалып, тапсырмаларды автоматтандырылған жүйе арқылы орындай алады.
Жоба авторларының айтуынша, бұл жүйе тек цифрлық кітапхана емес, тұтас білім беру экожүйесі. Ол оқушының үлгерімін талдап, әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллекттің енгізілуі бұл процесті жаңа деңгейге шығарған. AI технологиялары оқушының оқу қарқынын саралап, жеке ұсыныстар береді, материалды меңгеру деңгейін нақты көрсетеді және оқу траекториясын бейімдейді.
«ЖИ келгеннен кейін процесс әлдеқайда креативті және икемді бола түсті. Біз білімді жекелендірудің нақты кезеңіне өттік», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Осылайша, Қазақстанда білім беру жүйесі жай ғана цифрландырылып жатқан жоқ. Ол деректерге негізделген, жекелендірілген және технологиямен интеграцияланған жаңа модельге көшіп жатыр. Freedom-пен серіктестік осы трансформацияның маңызды элементтерінің бірі саналады.
