Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалығымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Dala news.
Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері мен әлеуметтік серіктестер қатысты.
Аида Балаева өз сөзінде Президент әлеуметтік салаға айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың әл-ауқаты мен елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету жаңа Конституция жобасының негізіне айналған.
Отырыстағы негізгі мәселелердің бірі – халықты жұмыспен қамту. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 2,9 млн сапалы жұмыс орнының жұмыс істеуі қамтамасыз етілген. Ал 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Күн тәртібінде еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс орнындағы адамның қорғалу мәселесі де көтерілді. «Цифрландыру жағдайында ыңғайлы әрі түсінікті коммуникация құралдарын енгізу қажет», – деді Аида Балаева. Сондай-ақ вице-премьер тараптарға базалық кепілдіктерді, құқықтар мен міндеттерді бекітетін үлгілік еңбек шартын әзірлеуді тапсырды.
Ведомство алдындағы маңызды міндеттердің қатарында мүгедектігі бар азаматтарды кешенді әлеуметтік қорғау мәселесі бар. Оларды жұмыспен қамту тәсілдерін қайта қарау, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру қажеттігі айтылды. Сонымен бірге мүгедектігі бар балаларды дамыту және әлеуметтендіру мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Мүгедектік тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен ЕХӘҚМ жүйелерін интеграциялау тапсырылды. Жалпы, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әлеуметтік-еңбек саласын технологиялық тұрғыда жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер жүктелгені атап өтілді.
Жиында баяндама жасаған Аскарбек Ертаев ведомствоның атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды белгіледі.
