Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров 2023 жылдан бері Солтүстік Арал теңізін сақтауға республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазір жобаның екінші кезеңі дайындалып жатыр, ал қаржыландыру мәселесін жақын уақытта шешу жоспарланып отыр.
"Қазір техникалық-экономикалық негіздеме сараптамадан өтіп жатыр, аяқталуға жақын. Қаржыландыру бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен, соның ішінде Дүниежүзілік банкпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда келіссөздер жүріп жатыр, жуырда қаржыландыру көлемі нақты анықталады", – деді Нұрлан Алдамжаров Үкіметтегі брифингте.
Айта кетейік, кейінгі дерек бойынша кіші Аралда су көлемі артып, 23 миллиард текше метрге жеткен.
"Ақлақ су" тоспасы арқылы теңізге секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Ал "Көкарал" бөгетін нығайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, бөгетті биіктету және солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі жүзеге асады.
