Қазақстанда 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспар әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Dala news.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ведомствода вице-министр Талғат Ластаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) сарапшылар тобының жоба үйлестірушісі Луиза Столспен кездесті. Кездесу Қазақстанның азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі мастер-жоспарды (CAMP) әзірлеу жұмыстарының басталуына орай ұйымдастырылған.
Министрлік ақпарат бойынша, ИКАО сарапшылары әзірлейтін CAMP құжаты Қазақстанның азаматтық авиация жүйесін сапалы әрі теңгерімді дамытуға бағытталған стратегиялық бағдар болмақ. Құжат халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып дайындалады.
Қазіргі таңда елде азаматтық авиацияны дамытуға мемлекеттік деңгейде басымдық беріліп отыр. Әуежай инфрақұрылымы кең көлемде жаңғыртылуда, отандық әуе компаниялары әуе кемелері паркін батыс өндірісінің заманауи ұшақтарымен тұрақты түрде жаңартып, кеңейтуде. Сонымен қатар, жалпы мақсаттағы авиация, ұшқышсыз авиация секторы дамып келеді және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдер енгізілуде.
Луиза Столстың сапары аясында саланың негізгі қатысушыларымен кездесулер өткізу, қолданыстағы стратегиялық құжаттарды талдау және CAMP-тің жұмыс жоспарын әзірлеу жоспарланған.
Министрліктің атап өтуінше, ИКАО сарапшылары әзірлейтін CAMP тәуелсіз әрі кәсіби сараптамалық бағалау болмақ және ол Қазақстанның азаматтық авиация саласын ұзақ мерзімді, шынайы әрі бәсекеге қабілетті модель бойынша дамытуға мүмкіндік береді.
