Әлеуметтік желілерде «қазақстандық жер қытай азаматтарына сатылып жатыр» деген ақпарат қызу талқыланды. Әсіресе Алатау қаласының маңынан 350 мың долларға жер сатылады деген қытай тіліндегі жарнама жұрттың алаңдаушылығын күшейткен, деп хабарлайды Dala news.
Бұл мәселеге қатысты журналист Диас Нұрақын Facebook парақшасында пікір білдірді. Оның жазуынша, тараған хабарламаның артында қытай азаматы емес, қытай тілін меңгерген қазақстандық риелтор тұрған.
«Қытайша жер сатылады деп жүрген айдаладағы біреу емес, өзіміздің қаракөз қазақ жігіті екен. Қытайда оқып келген, қытайша білетін риелтор болып шықты», – деп жазды ол.
Журналистің мәліметінше, сөз Алатау қаласы маңындағы жер телімдері туралы болып отыр. Қала дамып, болашақта ірі, заманауи орталыққа айналады деген болжам аясында жер бағасы өскен. Бұрын арзанға алынған телімдерді кейбір азаматтар өндіріс, кәсіпорын немесе өзге бизнес нысандарын салғысы келетіндерге ұсынып жатыр.
Сондай-ақ ол жарнама қытай тілінде жарияланғанымен, бұл жердің шетелдіктерге сатылып жатқанының дәлелі емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, риелтор әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында жарнаманы шетелдік аудиторияға бағыттауы мүмкін.
Диас Нұрақын Алатау қаласы құрылғаннан бері мемлекет тарапынан Қытай азаматтары мен компанияларына жер жаппай сатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды.
«Тик-ток пен инстаграмдағы жарнамаға сеніп жер алмаңыздар. “Жер сатамыз” деп жалған жарнама жасап жүрген алаяқтар бар. Кез келген жер телімін сатып алмас бұрын құжаттарын тиісті мекемелерден тексерген дұрыс», – деп ескертті журналист.
Ол сондай-ақ Конституцияда жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі екені жазылғанын еске салды. Сондықтан желіде тараған кез келген ақпаратқа эмоциямен емес, заң аясында әрі ресми деректерге сүйене отырып қарау қажет екенін атап өтті.
