Еуразиялық тау туризмін дамыту форумында «Almaty Tau Management» компаниясы басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало сараптамалық баяндама жасады, деп хабарлайды Dala news.
Спикер өз сөзінде тау курорттарын дамытудағы халықаралық тәжірибеге және кластерлік модельдердің тиімділігіне талдау жасап, Алматы тау кластерін қалыптастыру перспективаларына ерекше тоқталды.
Жан-Пьер Барало Еуропа елдерінің, атап айтқанда Франция мен Аустрияның тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл мемлекеттерде курорттарды бірыңғай инфрақұрылымдық жүйеге біріктіру туризм саласының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырған. Мұндай модельдер тек туризм үшін ғана емес, жалпы экономикалық даму тұрғысынан да тиімді екенін көрсетті.
«Халықаралық тәжірибе кластерлік тәсіл аумақтарды кешенді дамытуға, инфрақұрылым сапасын арттыруға және тұрақты туристік экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін дәлелдеп отыр. Бұл тек туризм мәселесі емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық өсім факторы», – деді Жан-Пьер Барало.
Баяндама барысында тау кластерлерінің қалалық ортаға ықпалы да қозғалды. Сарапшының айтуынша, мұндай жобаларды іске асыру жаңа бизнес мүмкіндіктерінің пайда болуына, жұмыспен қамтудың кеңеюіне және өңірлердің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етеді.
«Тау кластерін дамыту өмір сапасының өзгеруімен тікелей байланысты. Заманауи курорттық аумақтар экономикалық белсенділік нүктесіне айналып, қызмет көрсетуге сұраныс қалыптастырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және туристер мен жергілікті тұрғындарға қажетті инфрақұрылымның дамуын ынталандырады», – деп атап өтті сарапшы.
Жан-Пьер Баралоның пікірінше, тұрақты нәтижеге қол жеткізудің басты шарты – тау аумақтарын дамытуда стратегиялық әрі ұзақ мерзімді көзқарас қалыптастыру және үздік халықаралық тәжірибені өңірлік ерекшеліктерге бейімдей отырып жүйелі енгізу.
