Балаларды үйірмелерге жазудың бірыңғай порталы іске қосылады

Самал Асқар 24 ақп. 2026 18:00

Қазақстанда қосымша білім беру жүйесін жетілдіру аясында балаларды үйірмелер мен секцияларға жазуға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылып жатыр, деп хабарлайды Dala news.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәжіліс депутаттарына берген жауабына сәйкес, бірыңғай тәсілдерді енгізу, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап балаларға арналған қосымша білім бойынша Бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы іске асырылуда.

Құжатта көрсетілгендей, елімізде 4 225 жалпы білім беретін мектеп пен 2 013 мектептен тыс ұйымдарда, оның ішінде 433 мәдениет және спорт ұйымында 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған.

2021 жылдан бері балаларға арналған мемлекеттік шығармашылық, спорттық және білім беру тапсырыстары жүзеге асырылып келеді. Жергілікті атқарушы органдар қаржыландыру көлемін, шарттарын және басымдықтарын, соның ішінде ваучер беру лимиті мен кезектілігін өздері айқындайды.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бірыңғай цифрлық платформа ваучерлік қаржыландырудың ашықтығын арттырып, ата-аналарға үйірмелер мен секцияларды таңдау процесін жеңілдетеді.

2025 жылы бұл бағытқа 113,4 млрд теңге бөлінген (2023 жылы – 91,5 млрд, 2024 жылы – 96,5 млрд). Нәтижесінде 497 мың бала үйірмелер мен секциялармен қамтылған.

Пилоттық жоба алты өңірде – Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр және 2026 жылғы қыркүйекке дейін жалғасады. Қаржыландыру көлемі – 20,1 млрд теңге.

Пилот аясында ваучерлік қаржыландырудың бытыраңқы тетіктері «бір бала – бір ваучер» қағидаты бойынша бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіріледі. Кейін платформаны республика бойынша кеңейту жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove