Қатерлі ісік: ерте анықтау – өмірді сақтайды

Марат СӘБДІКЕН 24 ақп. 2026 15:31

Жыл сайын әлемде миллионнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Қазақстанда 2025 жылғы дерек бойынша 249 мыңнан астам науқас тіркеуде тұр. Оның ішінде 40 мыңнан астам адамға диагноз биыл анықталған. Бұл мәлімет БАҚ өкілдеріне арналған медициналық тексеру кезінде жария етілді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Үкіметі бекіткен 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаға сәйкес, азаматтар сүт безі, жатыр мойны және тоқішек қатерлі ісігіне тегін скринингтен өте алады. Бұл қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан ұсынылады.

Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары Игорь Новиковтың айтуынша, заманауи онкология қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда молекулярлық-генетикалық диагностика, жеке терапия, иммундық және таргеттік емдеу тәсілдері енгізілуде. Бұл науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, ауруды ерте анықтау – емнің ең тиімді жолы болып қала береді.

Алматы облысында бүгінде 12 283 адам онкологиялық есепте тұр. Скринингтік тексерулер нәтижесінде 77 мыңнан астам адам сүт безі обырына, 12 мыңнан астамы жатыр мойны обырына, ал 91 мыңнан астамы тоқішек обырына тексерілген.

Тексеру нәтижесінде сүт безі бойынша 12 мыңнан астам әйелде, жатыр мойны бойынша 1799 әйелде, тоқішек бойынша 247 адамда ісік алды патология анықталған. Сонымен қатар, аурудың 0–1 кезеңінде тұрған 170 науқас тіркеуге алынған. Бұл – дер кезінде анықталған дерттің емделуге жоғары мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Соған қарамастан, көпшілік тегін тексеру мүмкіндігін толық пайдаланбай отыр. Кейбірі бұл қызмет туралы білмесе, енді бірі диагноздан қорқып, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады. Нәтижесінде ауру асқынып кетуі мүмкін.

Аурудың алдын алу мақсатында өңірде мобильді медициналық кешендер де жұмыс істейді. Соның арқасында шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар да тексеруден өте алады. Мәселен, 2025 жылы 55 көшпелі тексеру ұйымдастырылып, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Нәтижесінде 32 адамнан қатерлі ісік анықталып, 290 адамда ісік алды жағдай тіркелді.

Сонымен қатар, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында тұрақты түрде «Ашық есік күндері» өткізіледі. Былтыр мұндай шара 13 рет ұйымдастырылып, 500 адам тексеруден өткен. Оның ішінде 12 адамнан қатерлі ісік анықталса, 250 адамда күмәнді өзгерістер табылған.

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік бүгінде тек медициналық емес, әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналып отыр. Әсіресе, ер азаматтар арасында өлім-жітім жоғары. Себебі әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарайды.

Дәрігерлердің басты кеңесі – уақытылы тексеруден өтіп, денсаулыққа салғырт қарамау. Өйткені ерте анықталған ауруды толық емдеуге мүмкіндік әлдеқайда жоғары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove