Каспий теңізінің экологиялық ахуалы күннен-күнге нашарлап барады. Мәселен, кейінгі уақытта жағалау маңынан тіршілік иелерінің өлексесі жиі көзге түсетін болған. Мамандар бұл құбылысты Каспий экожүйесінің бұзылуымен байланыстырады. Ал деректерге сүйенсек, Каспий теңізі соңғы 400 жылда ең төменгі деңгейге жеткен. Ғалымдардың пікірінше, теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтық ғана емес, жаһандық климаттық өзгерістерге де теріс әсер етуі мүмкін. Аталған жағдайға байланысты қазақстандық эколог Әділ Қасым да пікір білдірді. Айтуынша, Каспий теңізінің қазіргі ахуалын назарға алмасақ, жақын арада екінші Аралдың күйін кешуіміз әбден мүмкін. Бұл туралы ол Dalanews.kz тілшісіне мәлімдеді.
Тіршілік иелерінің өлекселері мен теңіз деңгейінің төмендеуі
2025 жылы 25 сәуірде Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауынан 12 итбалық өлі табылды. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша басқармасы мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, итбалық өлекселері қатты шіріген күйде болған.
Сонымен қатар сәуір айының басында Маңғыстау облысының экология департаменті Ақтау қаласына жақын 4А шағын ауданындағы теңіз жағасынан бірнеше құстың, оның ішінде аққулардың өлекселері табылғанын растаған еді. Бұл жағдай 3 сәуірде тіркеліп, сол күні теңіз суынан сынама алынып, зертханалық зерттеулер басталған.
Әлеуметтік желі қолданушыларының хабарлауынша, қала маңындағы жағалауда әлсіреген және өлі аққулар жиі көзге түсетін болған. Тұрғындардың кейбірі құстарды құтқару үшін ветеринарларға жүгінгенімен, оларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Ақтаулықтарды шаяндардың өлексесі де алаңдата бастады
Ал күні кеше, яғни 3 мамыр күні Lada.kz редакциясына Солдат жағажайындағы су төгу арнасынан ондаған өлі шаян табылғаны туралы хабар түскен.
Бұл жағдай Ақтау тұрғындарының Каспий теңізінің тіршілігіне деген алаңдаушылығын арттыра түсті. Алайда жауапты органдар олардың нақты өлу себебіне байланысты толыққанды мәлімет бере алмай отыр.
Теңіз деңгейі мен климаттық өзгерістер
Ресей Ғылым академиясының Океанология институты директорының орынбасары Петр Завьяловтың мәлімдеуінше, Каспий теңізінің деңгейі соңғы 400 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетіп, қазір –29,5 метрге дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде экожүйеге ғана емес, климатқа, биологиялық әртүрлілікке және аймақтың экономикалық дамуына да теріс әсер етіп отыр. Теңіз ағыстарының өзгеруі, планктонның таралуы, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы – бәрі экожүйеге қауіп төндіреді.
Завьяловтың айтуынша, Каспийдің экожүйесі мен гидрологиялық режимін дұрыс болжау үшін жаңа ғылыми модельдер қажет. Қазіргі климаттық өзгерістер жағдайында бұрынғы әдістемелер ескірген.
Мысалы, жергілікті видеограф Нұркен Тәжібай түсірген видеодан Каспий теңізінің кері шегінгенін және жағалау сызығының өзгергенін анық байқауға болады.
Каспий итбалығының жойылуы
Каспий теңізінің итбалығы – Қызыл кітапқа енген бірден-бір сүтқоректі теңіз жануары. Соңғы жылдары оның популяциясы бірнеше есеге азайған. Ғалымдар бұл жағдайдың себептерін тек климаттық өзгерістермен ғана емес, адамның әрекеттерімен (ластану, балық аулау, кеме қозғалысы) де байланыстырып отыр.
Қазақстан үкіметі халықаралық аудиттен бас тартты
Каспий экожүйесіне қатысты жағдай ушығып тұрған сәтте Қазақстан үкіметі теңіз қайраңына халықаралық экологиялық аудит жүргізу туралы ұсынысты қолдамаған. Бұл шешім қоғамда түрлі пікір туғызды. Экологтар мен жергілікті тұрғындар халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты зерттеу жүргізуді маңызды деп санайды.
Қазақстандық эколог не дейді?
Эколог Әділ Қасымның айтуынша, бұл трагедия XX ғасырда, дәл теңіз түбінен мұнай мен газ қорлары табылған кезден бастау алған.
"Сонау 1996 жылдан бері Каспийдің су деңгейі үздіксіз тартылып келеді. Жыл сайын орта есеппен 70-тен 100 сантиметрге дейін шегінеді. Кейбір аймақтарда теңіз жағалауы 50 шақырымға дейін кейін кеткен", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл – табиғи құбылыс емес, адамның әрекетінен туындаған өзгеріс.
“Ғалымдардың болжамы да көңіл көншітпейді: алдағы жылдары Каспий көлемінің 25 пайызына дейін азайып, теңіздің үштен бір бөлігі тұзды шөлге айналмақ. Бұл –миллиондаған тіршілік иесінің жойылуына себеп болуы мүмкін. Ал кейбірі қазірдің өзінде жойылып та жатыр”, — дейді ол.
Эколог мұның салдарымен емес, себептерімен күресуі қажет екенін жеткізді.
“Қазіргі таңда 4 мыңға жуық скважинсы бар теңізді қатаң бақылауға алу керек. Өйткені олардың басым бөлігі экологиялық талаптарға сай келмейді", – дейді Әділ Қасым.
Оның пікірінше, Каспийді құтқару үшін ең алдымен адам қолымен жасалған кесір әрекеттерге тосқауыл қою қажет.
“Халықаралық деңгейдегі мұнай компанияларының – соның ішінде NCOC секілді алпауыттардың – жұмысына қатаң бақылау орнатылуы тиіс. Қажет болса, кейбір жобаларға мүлде тыйым салу керек”, — деп қосты ол.
Айтуынша, нақты шаралар қабылданбаған жағдайда Каспий екінші Аралдың күйін кешуі мүмкін.
"Каспийдің бүгінгі ахуалы – қыл үстінде тұрған теңселген тағдыр. Егер дәл қазір нақты шешімдер қабылдамасақ, үлкен экологиялық апаттың ауылы алыс емес. Каспийдің екінші Аралға айналуы – енді тек уақыт еншісінде", – деп түйіндеді эколог.