TikTok әлеуметтік желісінде қазақ тілі туралы қорлай сөйлеген бойжеткеннің видеосы желіде қайта тарап, резонанс тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz Newtimes.kz басылымына сілтеме жасап.
TikTok-та Александра есімді қыз қазақ тілін білмейтінін және оны үйренуге ниетті еместігін ашық айтқан. Ол тікелей эфир кезінде:
«Мен қазақ тілін білмеймін және үйренгім келмейді. Бұл тілді білуге ешкім міндетті емес, тіпті Қазақстанда тұрса да. Маған ол қажет емес, мен тек орыс тілінде сөйлеймін. Кімге керек – солар үйренсін. Мен қазақ тілін күні бойы отырып оқуға міндетті емеспін», – деген.
Қыз өз сөзінде айналасындағы адамдардың, соның ішінде жігітінің де, тек орыс тілінде сөйлейтінін, сондықтан қазақ тілін қолдануға қажеттілік сезінбейтінін айтқан.
Бұл жағдай 2023 жылы болғанымен, бейнежазба тек жақында әлеуметтік желілерде қайта тарала бастады. Видеоны Мейрам есімді қазақстандық өз парақшасында жариялаған. Оның айтуынша, видеодағы қыздың есімі – Саша, ол Көкшетау қаласының тумасы.
Кадрларда жасөспірім қыз құрбысымен бірге тікелей эфир өткізіп, қазақ тіліне қатысты дөрекі және әдепсіз пікір айтқаны анық көрінеді.
Полиция мен сот түсініктеме берді
Бұл жағдай бойынша Көкшетау қалалық полиция департаменті пікір білдірген. Полицияның мәліметінше, сол кезде бойжеткенге қатысты әкімшілік шара қолданылған.
«Ол кезде кәмелетке толмаған, жергілікті колледж студенті болған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Қазір ол кәмелетке толған және оқу орнын тәмамдаған», – деді департаменттің баспасөз хатшысы.
Еске сала кетсек, ұлттық белгі бойынша қорлау немесе кемсіту, соның ішінде әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер, Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Мұндай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабы – “ұлтаралық араздықты қоздыру” ретінде қаралады.