Украиналық сарапшы: «Мәскеудегі парад? Киев Қазақстан президентінің өміріне қауіп төндірмейді»

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2025 09:52 3861

Украина Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері, әскери сарапшы Иван Ступак 9 мамыр күні Мәскеуде өтетін Жеңіс күні парадына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz УНИАН агенттігіне сілтеп.

Сарапшының айтуынша, Киев тарапы Қызыл алаңға шабуыл жасауды жоспарламайды. Себебі шараға Ресей элитасымен қатар, шетелден келген қонақтар да қатысады.

«Қызыл алаңда Ресейдің билік элитасы отырады, бірақ олардың арасында шетелдік қонақтар да болады. Ал біз бір нәрсені нақты айтамыз – Украина Қазақстан президентіне, Қытай басшысына немесе Роберт Фицоға зиян келтіруді мүлде қаламайды. Сондықтан Украина тарапы бұл шараға ешқандай зымыран немесе дрон ұшырмайды», – дейді Ступак.

Оның ойынша, Путиннің басты қаупі – мерекенің шырқын бұзатын кез келген төтенше жағдайдың болуы. Сол себепті Ресей президенті 8-10 мамыр аралығында уақытша бітім жариялады.

«Путин көптеген шетелдік қонақтарды шақырды. Елестетіңізші, Қызыл алаңда салтанатты парад өтіп жатыр, бүкіл әлем трансляцияны онлайн көріп отыр. Дәл сол кезде Мәскеуде әуе дабылы ойнап, қаланың шет жағында "Панцирь" кешені іске қосылып, жарылыстар болып жатса не болады? Ол жарылыс Қызыл алаңнан қаншалықты алыс болса да, мерекенің шырқын бұзады. Путиннің ең қатты қорқатыны – осы», – дейді сарапшы.

Еске салсақ, бұған дейін Украинаның бұрынғы депутаты Игорь Лапин Мәскеудегі Қызыл алаң мен Жеңіс күніндегі шараны украин әскері үшін «заңды нысана» ретінде сипаттаған еді. Алайда бұл мәлімдемеге кейіннен президент Владимир Зеленский түсініктеме берген болатын.

9 мамыр күні Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларынан бөлек, ТМД елдері мен басқа мемлекеттердің басшылары қатысады деп күтілуде. Биыл шара Ұлы Отан соғысының аяқталуына 80 жыл толуына орай өткізілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар