Министр Орынбор газ өңдеу зауытының жұмысы қашан қалыпқа келетінін айтты

Көркем Алдабергенова 21 қаз. 2025 12:00

Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін тоқтап қалған өндіріс үш күн ішінде Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды қайта бастайды, деп мәлімдеді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ақордадағы журналистерге берген сұхбатында, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қазіргі уақытта сұйық көмірсутектер бойынша тәулігіне 8,5–9 мың тонна көлемінде шектеу бар. Біз бұл шектеулердің жақын уақытта, шамамен үш күн ішінде алынатынына үміттіміз», – деді министр.

Ақкенженовтің айтуынша, зауыттың уақытша тоқтауы Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды, өйткені бұл экспорт көлемінің азаюына әкеледі.

«Иә, экономикалық тұрғыда белгілі бір әсері болады. Экспорт бойынша жеткізілім азаяды. Дегенмен қазіргі таңда елдің газды қайта өңдеу бойынша балама мүмкіндігі жоқ», – деп мойындады министр.

Сонымен қатар ол бұл жағдайдың ішкі нарықтағы газбен қамтамасыз етуге еш әсер етпейтінін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар