Қырғызстанда бірнеше жыл бойы қыздар мен әйелдерге ауыр қылмыс жасап келген күдікті ұсталды. 41 жастағы Құмарбек Абдыров 17 жастағы Айсұлу Мұхашеваны қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген. Тергеу барысында ол кейінгі 15 жыл ішінде жасаған басқа да қылмыстарын мойындаған, деп хабарлайды Dalanews.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.
15 қыркүйекте ЭлТР телеарнасы Қырғызстан ІІМ өкілдері қатысқан арнайы репортаж жариялады. Онда Абдыровтың қылмыстық істері мен олардың мән-жайы баяндалады.
Тергеу дерегінше, оның алғашқы қылмысы 2006 жылы "Көк-Жар" шағынауданында болған. Сол кезде 22 жастағы студент қызды темір затпен ұрып, телефонын тартып алып, қашып кеткен. Көп ұзамай ұсталғанымен, ол жәбірленушілерден кешірім сұрап, 5 мың сом өтемақы төлеген соң босатылған.
2011 жылғы 14 наурызда Сокулук ауданындағы Күн-Туу ауылына баратын жол бойынан жүкті әйелдің мәйіті табылды. Кейін анықталғандай, ол 1989 жылы туған А.Ж.Ж. есімді Бішкек тұрғыны болып шықты. Әйел үйінен 12 ақпанда шығып, оралмаған. Сараптама нәтижесінде әйелдің зорланып, өлтірілгені, әрі 8 айлық жүкті болғаны белгілі болды.
2014 жылдың наурызында тағы бір әйел, 19 жастағы Камила Дүйшебаева жоғалып кетті. Бірнеше күннен кейін оның денесі Аламүдин ауданындағы жол жиегінен табылды. Қыз өз орамалымен тұншықтырылған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Тергеу кезінде оның соңғы сөйлескен адамы — бұрынғы бас прокурор Айда Салянованың туысы Қалыбек Салянов екені анықталған. Кейін оның сол күні саунада болғаны анықталып, бейнежазбалар жойылған. Құқық қорғау органдарының айтуынша, дәл осы дерек сол кезде қылмыскерді табуға кедергі келтірген. Енді тергеушілер Камиланың өліміне Абдыровтың қатысы барын дәлелдеп отыр.
Сол жылы, 13 наурызда, Бішкектегі Раззаков көшесінен тағы бір қыздың мәйіті табылған. 22 жастағы М.С.Н. есімді қыз зорланып, кейін тұншықтырып өлтірілген. Оның басына пакет кигізіліп, қолы байланған. Ол кезде де қылмыскер табылмаған, ал қазір сол істің де Құмарбек Абдыровқа қатысы бар екені анықталды.
2015 жылы ол тағы бір қызға шабуыл жасап, өлтірмек болған. Бірақ жәбірленуші тірі қалған.
"Ол мені арыққа сүйреп апарып, үлкен таспен ұрмақ болды. Басқа тигізе алмай, қолымды жаралады. Кейін біраз қарап тұрды да кетіп қалды. Мен қозғалуға қорқып жаттым, ол қайта орала ма деп қорықтым. Сәлден соң өз күшіммен арықтан шықтым да, жолдың арғы жағындағы жанармай бекетіне жүгіріп бардым. Сол жерде адамдар көмектесіп, ауруханаға жеткізді", — дейді аман қалған жәбірленушілердің бірі.
Кейін ол милицияға арыз түсірген. Сол кезде Абдыров ұсталып, адам өлтіруге оқталу бабымен айыпталған. 2016 жылы аудандық сот оны 12 жылға соттағанымен, апелляциялық сот мерзімді 7 жылға қысқартқан. Ал 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
Биыл 27 қыркүйекте Ыстықкөл облысында 2008 жылғы қыз жоғалды деген хабар түскен. 17 жастағы қыз түскі уақытта үйден шығып, құрбысына барамын деп кеткен, бірақ қайтып оралмаған. Кейін оның зорланып, қаза тапқаны белгілі болды.
Камера жазбалары бойынша, қыз Барскоон ауылындағы жанармай бекетінде Абдыров мінген Honda Stream көлігіне отырғаны анықталған. Осы дерек арқылы күдікті ұсталған.
Тергеу барысында оның бұрын жасаған қылмыстары біртіндеп әшкере болып, 2006 жылдан бері бірнеше адам өлтіргені анықталды.
Күдікті тергеу кезінде тағы бір қызды зорлағанын, бірақ өлтірмегенін мойындаған. Алайда сол оқиғаға қатысты ресми іс тіркелмеген, бәлкім жәбірленуші арыз жазбаған болуы мүмкін. Қазір тергеушілер нақты қанша әйел оның құрбаны болғанын анықтап жатыр.
Абдыров тергеу кезінде анасымен және әйелімен кездесуді сұраған.
"Болғанның бәрін олар өз аузымнан естігенін қалаймын", — деген ол.
Кездесу кезінде күдікті жасаған барлық қылмысын туыстарына мойындаған.