БҚО-да оқушы сыныптасын пышақпен жарақаттады: Зәкиева шабуыл жасаған балаға қатысты тың дерек айтты

Қаракөз Амантай 21 қаз. 2025 09:27

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы мектептердің бірінде оқушы сыныптасына пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлағандай, шабуыл жасаған бала анасынан айырылған, әкесі мен әжесімен бірге тұрады. Отбасылық жағдайы қиын, өз баспаналары жоқ. Бұған дейін апатты жағдайда тұрған үйде өмір сүрген, жақында ғана басқа үйге көшкен. Сонымен қатар құқық қорғаушының айтуынша, мектепте ол жасөспірім ерекше назар аударуды қажет ететін оқушылар тізімінде болмаған.

"Бұл ешбір жағдайда қылмысты ақтамайды. Алайда бұл балалармен және олардың отбасыларымен жеке жұмыс жүргізу, профилактикалық шаралардың сапасына назар аудару қажет екенін көрсететін маңызды белгі", – деді Динара Зәкиева.

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, Теректі ауданындағы мектептердің бірінде болған бұл оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала деректерге сүйенсек, жанжал оқушылар арасындағы өзара келіспеушіліктен шыққан.

"Күдікті оқушы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ, жанжалға қатысы бар кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін шара қолданылады. Материалдар аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды", – делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазір оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық істің тергеу барысы БҚО полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар