Жыл басынан бері өндірісте 133 қазақстандық қаза тапқан

Қаракөз Амантай 21 қаз. 2025 10:27

2025 жылдың 1 қазанына дейін Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 934 адам зардап шегіп, олардың 133-і көз жұмған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 1 қазанына дейін өндірістегі жазатайым оқиғалардан 934 қызметкер зардап шеккен, оның 133-і қайтыс болған. Сонымен қатар биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға төмендеген", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Жарты жыл қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті мың жұмысшыға шаққанда 0,13 деңгейінде тіркелген.

Өндірістік жарақаттанудың ең жоғары деңгейі елдің өнеркәсіптік аймақтарында сақталып отыр. Қарағанды облысында – 103 адам, Шығыс Қазақстанда – 89, Павлодарда – 68, Ақтөбе облысында – 64, Атырауда – 48 адам зардап шеккен. Алматыда 51 жағдай тіркелген.

Жазатайым оқиғалардың ең көбі тау-кен металлургия саласында (17,4%) және құрылыс секторында (10,2%) болған.

Негізгі себептер – жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2%), зардап шеккендердің абайсыздығы (33,6%), еңбек қауіпсіздігі ережелерін (8,5%) және жол қозғалысы қағидаларын (7,8%) бұзу.

Құқық қорғау органдарына 730 материал жолданып, соның 211-і бойынша қылмыстық іс қозғалған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар