Алматы облысы Талғар ауданындағы №8 арнайы мектептің басшылығы семинар өткізу үшін мұғалімдерден 2 000 теңгеден жинаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бейнежазбада басшылықтың қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне ерекше шүйліккені байқалады.
"Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері неге бермейді?", — дейді әкімшілік өкілі.
Ал мұғалімдердің бірі өзінің қаржылай жағдайының қиын екенін айтып, ақша бере алмайтынын түсіндіреді.
"Көлігім де, үйім де несиеге алынған. Қазір артық ақшам жоқ, несиемді жауып болған соң беремін", – дейді ол.
Алайда мектеп әкімшілігі оған және басқа мұғалімдерге қысым көрсетіп, "бас тартсаңдар, салдары болады" деп ескерткен.
Сондай-ақ видеода басшылықтың "неге бермейсіңдер?", "басқа ұстаздар көмектесті ғой" деген реніш білдіргені естіледі. Кейбір мұғалімдер "бергім келмей отырған жоқ, тек жағдайым жоқ" деп ақталған.
Аталған оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс туғызды. Көпшіліктің айтуынша, бұл жағдай Президенттің мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмасына қарама-қайшы келіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында мұғалімдер мен ата-аналардан ақша жинау заңсыз екенін бірнеше рет ескерткен еді.
Министрліктің мәліметінше, жуырда республика бойынша 2 мыңнан астам білім беру ұйымдарының басшылары мен аумақтық департамент өкілдерінің қатысуымен коррупциялық тәуекелдердің алдын алу және ескерту мақсатында арнайы жиын өткен.
"Қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бақылау шараларын ұйымдастыру және қызметтің өзін-өзі бағалау тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, білім ұйымдарында әртүрлі сылтаулармен заңсыз ақша жинаудың жолын кесу және педагогтардың кәсіби қызметіне қатысты заң талаптарының бұзылуына жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды", – деп хабарлады министрлік.
Қазақстанда педагогтарды кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту, сондай-ақ оларға тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеу заңмен тыйым салынған. Мұндай нормалардың бұзылуы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
"Білім беру процесінің әрбір қатысушысы адалдық пен әділдіктің үлгісі болуы тиіс. Әр педагог пен мектеп басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға атсалысуы қажет. Біз осы қағидаттардың қатаң сақталуының маңыздылығына назар аударамыз және педагогтар мен білім беру ұйымдарының басшыларын кез келген құқықбұзушылық туралы хабарлауға шақырамыз", – деді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.