Алматы қаласында қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемі шамамен 460–470 теңге шамасында. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Жалын Жайнарбай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, субсидия көлемінің ұлғайып кетпеуі үшін ол депутат болып сайланған кезде “BUS/километр” жүйесіне көшу туралы ұсыныс жасаған.
“Басты мақсат – субсидия көлемін шектей отырып, көлік жүйесін тиімді ету. "BUS километр" жүйесіне көшсек, қаржыландыру нақты жүріп өткен қашыққа байланысты есептеледі. Дегенмен бұл жүйеге көшу кезінде бір-бірінің бағытын қайталайтын автобустар көп, ол да бөлек мәселе”, – дейді депутат.
Жайнарбайдың айтуынша, Алматыда транспорттық инфрақұрылым мен көлік қаңқасын (транспортный каркас) жүйелі дамыту маңызды. Осыған байланысты ол қалалық Мобильділік басқармасын екіге бөлу жөнінде ұсыныс білдірген.
“Биыл жаңа әкім келгеннен кейін басқарма екіге бөлінді: бірі – көлік, екіншісі – жол бағыты бойынша. Бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір транспорт саласына келген жаңа басшы осы саланы жақсы білетін адам сияқты. Ол біраз тиімді идеяларын айтты, егер сол жоспарлар жүзеге асса, қаладағы көлік жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болады”, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда субсидия көлемі айтарлықтай жоғары болғанымен, қала тұрғындары үшін қоғамдық көлік жүйесінің қолайлылығы әлі де жеткіліксіз.
“Егер транспорттық каркас жоспары тиімді іске асса, субсидия өз өзін ақтайтын деңгейге жетеді деп сенеміз”, – деп түйіндеді мәслихат депутаты Жалын Жайнарбай.
Еске сала кетсек, бұған дейін Энергетика министрлігінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов тасымалдаушылар шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтып, автобус билеті кем дегенде 500 теңге болуы тиіс деген пікір білдірген еді.
Сарапшының бұл пікіріне Үкімет түсініктеме берді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бағаның өсуі тек объективті себептер болған жағдайда ғана мүмкін.
"Мысалы, егер бензин қымбаттаса. Бірақ бұл әр компанияның коммерциялық шешімі, мемлекет тарапынан бекітілген норма емес", – деді ол.
Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сарапшының пікірі оның жеке көзқарасы екенін айтып, билік тарапынан жолақының күрт қымбаттауына жол берілмейтінін мәлімдеді.
"Қоғамдық көлік – халыққа арналған. Сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер қоғамдық көліктегі бағалар өссе, мемлекет бұл бағытта қолдау көрсетеді", – деді ол.