Шымкент қаласында досымен бәстескен азамат 26 қалам жұтып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Біраз уақыт өткен соң ер адам өз-өзін жайсыз сезініп, асқазан-ішек жолдары қатты ауырып, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер 38 жастағы науқасты тексеру барысында оның асқазанында көптеген бөгде зат барын анықтаған. Мамандар эндоскопиялық әдіспен барлығы 26 дана қаламды сәтті алып шықты.
"Ота екі сағатқа созылып, дәрігерлердің жоғары біліктілігінің арқасында тіліксіз, яғни хирургиялық кесусіз өтті", - деді мамандар.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, ол бақылаудан кейін үйіне шығарылды.